Әлем бойынша темекі шегетіндер саны млрд-қа жуықтаған

Темекіден келетін зиянды төмендетудің тәсілдерін қарастыру қажет. Елордада өткен бірінші Еуразиялық никотин форумына қатысқан сарапшылар осылай дейді.

Халықаралық пікірталас алаңына шет мемлекеттерден 350-ден астам сарапшы қатысып, өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Темекі нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр? Өндірушілер никотиннің ағзаға зиянды әсерін азайта ала ма? Форумға жиналғандар осы және өзгеде сұраққа жауап іздеп, темекі нарығын реттеу мәселелерін талқылады. Сарапшылар, саланы нақты реттеу қажеттігін айтты.

Фарук Енер, Ресей, Түркия, Беларусь, Орталық Азиядағы ВАТ бас директоры:

- Бүгінде әлем бойынша темекі шегетіндер саны миллиардқа жуықтады. Сондықтан осындай тәуелсіз алаңдағы талқылауда бірқатар мәселеге мән беру қажет. Ең алдымен өнімнің өзі қауіпсіз болуы керек. Яғни оның құрамын нақты зерттеу маңызды. Одан кейін жаңа өнімдердің маркетингіне мән беру. Мұндай өнімді кәмелетке толмағандарға сатуға толық тыйым салынуы керек. Әрі салық салу жүйесі ақылға қонымды болуы керек.

«Сколково» қоры мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған форумда темекіден болатын қауіпті азайтуға қатысты ғылыми негізделген тәсілдер ұсынылды. Оның ішінде никотині бар инновациялық өнімдер де сөз болды. Ал Қазақстанда оларды бағалаудың нақты тетіктері жоқ дейді сарапшылар.

Светлана Романовская, «Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының» басқарма төрағасы:

- Ең әуелі бізге темекіден келетін зиянды азайтуға қатысты мемлекеттік стандарттар қажет. Содан кейін тексеру әдісі, мамандар мен тексеруге болатын нақты орталықтар болуы қажет. Мысалы, егер тұтынушы шылым түрінің сапасына күмәнданса, сол өнімнің қаншалықты қауіпсіз екенін тексеруге мүмкіндігі болуы керек.

Сарапшылар өздерінің нақты дәлелдерін бірнеше мәрте мемлекеттік органдарға ұсынғанын айтады. Алайда ешқандай тұщымды жауап болмаған. Яғни шылым шеккенен болатын зиянды азайту тұжырымдамасы қажет дейді.

Айнұр Қуатқызы, Ержан Қанапияұлы