476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтауда 7,4 млрд теңгеге отырғызылған жасыл желек қурап жатыр

  • 211
  • UPD: 23:51, 21.06.2022
Ақтауда 7,4 млрд теңгеге отырғызылған жасыл желек қурап жатыр

Ақтауды көгалдандыруға 7,4 млрд теңге бөлінді. Алайда қала тұрғындары жасыл желектің суарылмағанын айтады. Сондықтан егілген гүл мен тал қурап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Биыл қаладағы гүлзар алқаптарына 5 мыңға жуық көшет пен 112 000 дана шырайгүл және раушан гүлі егілген. Алайда қала көшелеріне отырғызылған қылқан жапырақтылар жаз басталысымен қурап жатыр.

БЛИЦ:

- Мен көрген жоқпын суарып жатқанын. Талдардың бәрін егеді, су құймағасын не пайдасы бар, қурап өліп қалады.

- Қазір қаланы айналып көрсең, гүлдер қурап жатыр, талдар сарғайып кеткен. Күн қатты ысып тұр. Тез арада шара қолдану керек.

Қалада тал-терек құрғап жатыр, жаз басталғалы бері жұмысшылардың суарып жатқанын көрген жоқпын. Тек тұрғындар өз күштерімен үйінің алдындағы талды суарып жатыр. Жыл сайын осылай, бөлінген қаражат далаға кетіп жатыр.

Ал әкімдік биыл алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жылға келісімшарт жасалатынын хабарлаған. Бұл мақсатқа қазынадан 7,4 млрд.теңге бөлінді. Бірақ жеңімпаз мекеме маусым айында ғана анықталған.

Ернар Төлесінов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Сол мекемемен келісімшартқа отырамыз, қазір тіркеуде. Талдардың көбеюіне байланысты жаңадан кесте құрып жатырмыз. Қазіргі таңда жоспармен суару жұмыстары жүріп жатыр. Сметалық құжаттама бойынша 3 рет суару қарастырылған. Оған қарамастан айына 4-5 рет суарып жүрміз, қазіргі таңда күннің ыстығына байланысты суару жұмыстары таңда және кешке жүргізіледі.

Қазір суару жұмыстарына 30 көлік жұмылдырылған. Бұл қаланы түгел қамти алмайды дейді тұрғындар. Сондықтан шаһарға былтырдан бері тамшылатып суару құбырлары тартыла бастаған еді. Қазір оның 13 шақырымы ғана жүргізілген. Әкімдік бұл жұмыстар мамыр айында бітеді деп уәде еткен еді.  

Айбек Ербөлеков, көгалдандыру мекемесінің директоры:

- Тамшылата суару әдісі енгізіліп жатыр. 1 шағын ауданнан бастап жыл соңына дейін 40 шақырым құбыр жүргізу жоспарда бар. Осы айдың аяғына дейін оның 15 шақырымы іске қосылады. Сонымен қатар саябақтарды спринтерлік жүйемен суару жоспарымызда бар.

Әкімдіктің хабарлауынша, жаңа мекеменің жұмысын арнайы құрылған комиссия бақылайды. Ал синоптиктер шілдеде аптап ыстық болатынын хабарлап отыр.

Динара Ілиясова, синоптик:

- Ауа райы 27, 31 градус болады деп күтілуде. Бұл нормадан 1 градусқа жоғары. Бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз 33, 38, 41градусқа дейін жоғарылайды. Екінші онкүндіктің басында күндіз 34, 39 градусқа дейін байқалады. Үшінші онкүндіктің басында күндіз 37, 42 градус.

Қазір әкімдік суарудың жаңа кестесін жасап жатыр. Алдағы уақытта қала тұрғындарына қолжетімді болу үшін әлеуметтік желілерде бөліспек. Айта кетейік, биыл көгалдандыруға 848 миллион теңге қарастырылған.

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы