Арнайы жасақ жауынгерлері жайлы не білеміз?

ҚР-ның азаматтарының құқықтарын қорғау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестік іс-әрекеттердің жолын кесу, ұйымдасқан қылмыскерлерге тоқтау қою, мұның бәрі де ЖҚАЖ жауынгерлерінің міндетіне кіреді. Қиын да күрделі тапсырмаларды орындайтын арнайы жасақтың жауынгерлері қандай болу керек деген сұраққа Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері жауап берді, деп хабарлайды Рolisia.kz.

Мамет Мамедов – дайындығы мен біліктілігі жоғары жауынгерлердің бірі.

– Мен 2011 жылдан бастап ІІО-да әртүрлі лауазымда қызмет етіп келемін. Атап айтатын болсам, патрульдік полицияда, ювеналды полицияда қызмет еттім. Сондай-ақ көші-қон қызметінде де тәжірибе жинадым. Бүгінгі таңда жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етемін.

Жасақ жауынгері болу үшін қандай талаптар қойылады?

– Арнайы жасаққа жұмысқа кіру үшін жоғары білім, әскери билет міндетті түрде керек. Спорт шебері немесе спорт шеберіне кандидат болуың қажет. Осы қызметке келерде спорттан емтихан да тапсырғанбыз. Менің ойымша, арнайы жасаққа жұмысқа кіру үшін үміткер шымыр болу керек. Себебі біздің жұмыстың маңыздылығы белгілі ғой. Физикалық дайындығың жоғары болу керек. Тек ЖҚАЖ-да емес, кез келген жұмыста жауапкершілік, біліктілік, пунктуальді болғанға не жетсін?! Еліміздің, істеп жатқан жұмысымыздың патриоты болу керек. Себебі ел мен жерге, халыққа деген махаббат сенің жұмысыңды жандандырады.

Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында екі жүзден астам қызметкер бар. Ел тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүрген тағы бір шымкенттік жауынгер – Асхат Усипбеков. 34 жастағы Асхат Алматы қаласы Абай атындағы университетте заң мамандығын тәмамдаған. Отбасында осы салада қызмет ететін жалғыз өзі екен.

– Жалпы, бұл қызметке іштегі патриоттық сезімнің сәулесімен келдім. Ел қорғайтын, ел тыныштығын күзететін қызметте істеу мен үшін – мақтаныш. Жұмыстың ерекшелігі көп, соның бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жұмыстың жауапкершілігі қанша жоғары болса да, отбасыма жеткілікті уақыт бөлемін. Бойым екі метрге жақын. Бойымның ұзындығынан жұмыста ешқандай кедергіге тап болмағанмын. Бойлы болған жақсы ғой. Әр жұмыстың өз қиындығы болады деп ойлаймын. Тек соған төзімділік, жұмысқа деген ынта керек. Тәуліктің кез келген уақытында, ауа райының сан құбылғанына қарамастан, біз шақыртулар мен шататтан тыс жағдайларға дайын болуымыз қажет.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлеріне қойылатын талап қатаң. Сол қатаң талапқа сай келіп, бүгінде халықтың қауіпсіздігін күзетіп жүрген жасақ қызметкерлерінің бірі – Нұржан Бекзатов.

Оның айтуынша, қиындыққа толы қызметінде оған қазақтың қымызы бен шұбаты, жал-жаясы күш береді.

– Бізде бір күндік жұмыс уақыты таңғы саптық жиыннан басталады. Жұмыс кестесіне сай спорттық іс-шараға қатысамыз. Яғни, біз үздіксіз дене жаттығуын жасаймыз. Күн сайын түскі сағат 14:30-дан бастап даярлық сабақтарын өткіземіз. Ал 17:00-ден 19:00-ге дейін күрес тәсілдерінен сабақ өтеміз. Бойым екі метрге жақын. Бойлы болғаныммен, формадан менде ешқандай қиындық жоқ.

Батыр деген ер азамат үшін қасиетті атақ. Сол атаққа сай болу үшін көп нәрсе керек емес, тек жасай алатыныңды шын жүректен жасап, өзгеге зиян келтірмей, Отан алдындағы антқа адал болсаң болғаны. Осы талаптарға сай, елдің болашығы үшін талмай еңбек етіп жүрген сақшының бірі – Батырсейт Қайрылбаев арнайы жасақ жауынгерінің міндеті қандай деген сұраққа жауап берді.

– Мен өзімді патриотпын деп айта аламын. Міндетім – еліміздің тыныштығын сақтау, бейбіт күндердің себепкері болу. Қызметке адалдық – өсіретін дүние. 

Болашақтың көзі – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпаққа не береміз – соны аламыз. Жақсыны көрмекке демекші, оқырманға антқа адал жандардың қызметін айту, көрсету – бірлігі мол қоғамды қалыптастырады, қалыптасқан қоғамды берік етеді.