Маңғыстау облысында үш ауыл құм астында қалды

Маңғыстау облысында үш бірдей елді мекен құм астында қалды. Сауысқан, Жарма және Сазды ауылының тұрғындары мәселені өз күшімен шешіп әлек. Үй ауласында үйілген құмды күрету үшін жылда техника жалдайды. Ал жергілікті биліктен әзірге ешқандай көмек жоқ.

Сазды ауылы Шетпеден 90 шақырым қашық. 100-ден астам адам тұратын елді мекенге кіреберіс жолды, тіптен кейбір үйлерді құм басып қалған. Қорасын құм көшкіні құлатқан тұрғындар да бар. Мәселен, Балиян Әбуова техника жалдап күреткенін айтады. Мал ұсталатын орынжайды тастан салғызыпты. 

Балиян Әбуова, ауыл тұрғыны:

- Мынадай қылып, тас үй салып алдық енді қораны. Бірақ бергі жағын басып жатыр. Қайта-қайта соны ақшаға күретіп отырмыз енді. Бір күретуіміздің өзі 500-600 мыңға шығады.

Ал Сауысқан, Жарма ауылдарын қоса алғанда 250-дей тұрғын бар. Басым көпшілігі төрт түлік өсіріп отыр. Аға буынның айтуынша, осы аумақта жерасты суын игеру басталғалы бері құм көшкіні жиілей түскен. 

Айдарбек Көркембаев, ауыл тұрғыны:

- Сауысқан деген кен орыны бар. Аулымыздан Жаңаөзенге су айдап отырған. Су айдап отырғанына 50 жыл болды ғой. Сол астының суы ортайғасын мына құм дейтін көшіп, ауылымызды басып қалды. Үйлерімізді басып қалды.

«Құм көшкінін тоқтатудың бір амалы өсімдік егу. Оған су да жетеді. Жалпы бұл ауылдарға инфрақұрылым тарту жағынан мәселе жоқ», - дейді жауаптылар. Бір айта кетерлігі, 5 жыл бұрын құны 422 млн теңгелік жоба әзірленген. Сексеуіл егіп, жасыл қоршау салуға жұмсалуы тиіс болған қаражат уақытында аударылмаған. Енді қазір ақша бар. Бірақ мердігер табылмай жатыр. 

Ербол Денов, өңірлік табиғи ресурстар және табиғат қорғау басқармасының бөлім басшысы:

- 2022 жылға облыстық бюджеттен ақша бөлінді. 256 млн теңге қарастырылған. Сол бойынша біз жыл басынан бері төрт рет конкурс жариялаған болатынбыз. Өкінішке орай, ешқандай конкурсқа қатыспады. Сосын өтпеді деп танылды.

Биыл мемлекеттік сатып алу конкурсы тағы өткізіледі. Егер қатысатындар табылмаса, бастапқы жобаға түзету енгізіледі. Ал шалғайдағы 3 ауыл тұрғындарына төзімділік танытып, күте тұрудан басқа амал жоқ.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев