Беларусь жерінен қазақстандық 11 боздақтың сүйегі жатқан жер табылды

Павлодар облысының «Майдан жолы» жасағы Беларусь еліндегі іздестіру экспедициясын жалғастыруда.

Аймақта жүргізілген қазба жұмыстары барысында 11 жауынгердің жатқан жері табылды. Қазір еріктілер Витебск облысы Дубров ауданында жұмыс істеп жатыр. Алдағы күндері «Рыленки» мемориалды кешенінде қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне ескерткіш орнатылады. Соғыс жылдарында Витебск аумағында болған қанды шайқасқа Қазақ жерінде құрылған әскери құрылымдар қатысқан. Мәселен, 39-атқыштар дивизиясы Алматы қаласында жасақталған. Сонымен қатар 238-атқыштар құрылымы Семей, Алматы және Өскеменде құрылған. Отряд мүшелері батыр бабаларымыздың жүрген жолымен өтіп, ерліктеріне тағзым жасауды мақсат етеді. 

Александр Шитов, "Майдан жолы" жасағының командирі:

- Біз Поднизовье ауылының жанындамыз. Жасақ мүшелері соғыс жылдары ұрыс болған аумақтарды зерттеп жатыр. Осы күнге дейін табылған жауынгерлерімізді діни дәстүр бойынша қайта жерлейміз. Басты мақсатымыз Отан үшін отқа түскен ержүрек батырларымыздың аты-жөнін анықтау. Дәл осы жерлерде Алматыда құрылған әскери жасақтар соғысқан.