Қария майдангер ағасының қабірін тапты

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жылға жуықтаса  да, сұрапыл соғыс салған жара жазылар емес. Майданда қаза болған жауынгерлердің жары жесір, балалары әкесіз қалды. Талай адам бауырынан айырылды, хабар-ошарсыз кеткені қаншама. Үміт үзбей, ең болмағанда бейітін тауып, бір уыс топырақ салуды армандап жүргендер қаншама. Қостанайлық Мұхтар Күлекешовтың бұл арманы орындалды. Ол туған ағасының жерленген жерін тапты.

Жасы тоқсанға таяған ақсақал Мұхтар Күлекешов туған ағасының қабірін тапты. Бауырының жаны жай тапқан жер Ресейдегі Смоленск облысы. Екінші Дүниежүзілік соғыс басталған кезде әскер қатарына алынған Ибрагим Күлекешов 30 жаста болған. 1943 жылы ерлікпен қаза табады. Ол кезде 7-8 жастағы ойын баласы едім, дейді інісі Мұхтар ақсақал.

Мұхтар Күлекешов, майдангер И. Күлекешовтың інісі:

- Ең соңғы хатында Сталинградты қорғап, Сталинград шайқасында азат еттік, әрі қарай Воронеж бен Смоленскке қарай кетіп бара жатырмыз деген хаты келген. Содан кейін хат келген жоқ. Өзімен бірге соғыста болған адамдардың айтуына қарағанда ержүрек әрі сауатты болған адам. Біз ол кісіні осы күнге дейін ұмытқан жоқпыз. Үнемі дұға бағыштап отырамыз. Артында ұрпақтары бар, балалары бар. Жеңгеміз ол кісі армияға кеткенде 30 жаста қалды. 1934 жылдан 1964 жылға дейін сауыншы болып жұмыс істеді. 

Мұхтар атамен бірге Смоленск өңіріне барған Қайрат Ибрагимов майдангердің туған немересі. Оның айтуынша, бауырластар зиратындағы қорым күзетіледі. Күтім жұмыстары барлық талапқа сай жүргізіліп жатыр. Бұл сапарда оған балалық шақтағы досы әрі сыныптасы көмектесіпті.

Қайрат Ибрагимов, майдангер И. Күлекешовтың немересі:

- Ресейде менің бірге оқыған кластасым тұрады. Сергей Хохлов деген. Сол Сергей Хохлов Ресей азаматы болса да үлкен көмек жасап, ата екеумізді әуежайдан бастап күтіп алып, Смоленск облысындағы Духовщина ауданы Воронцово деген ауылға дейін апарып, алып келіп қонақ болып жолдас жігіттің үйінде. Кейіннен шығарып салып, басынан аяғына дейін атсалысты. 

Ибрагим Күлекешов туралы ақпарат алу, іздеу жұмыстары ертеректе басталған. Ал "солдаттың сүйегі табылды" деген хабар 3 жыл бұрын жетіпті. 

«Бірақ карантиндік шектеулерге байланысты бірден бару мүмкін болмады», - дейді Қайрат Ибрагимов.

Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейтов