Елордада қандай өзгеріс болады

Елордада газ қазандықтары іске қосылғанда үшінші жылу электр орталығының қуаты 3 еседен асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жаңа аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Кәріз тазартатын жүйенің құрылысы жобаланып, инженерлік желілерді жаңғырту, электр станциясын жаңалау жұмыстары да жүріп жатыр. Қазір бас шаһар тұрғындары тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады. Ал үшінші сорғы-сүзу станциясы іске қосылса қалаға тәулігіне 100 мың текше метрден астам қосымша су беріледі. Мұны әкім айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Алтай Көлгінов елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы бойынша бірінші жартыжылдықтың есебін берді. Кезекте тұрған азаматтар үшін тұрғын үй құрылысын ұлғайту, жаңа мектептер салу арқылы үш ауысымды оқу проблемасын шешу жайы айтылды. Биыл елордада тағы 200-ден аса аула мен қоғамдық демалыс орындары жаңартылады. Әкім автомобиль көпірлері мен жол салу, үлестік құрылыс нысандарын аяқтау, газ тарту мәселесі, тұрғын-үй алаптарын дамыту, жеке инвестициялар тарту жөнінде де есеп берді. Мемлекет басшысы жалпы әкімдік жүргізіп жатқан жұмыстарды қолдады.