Елде қант бағасы шарықтап кетті

Қант бағасы 61 процентке қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келісі 600-900 теңге аралығында сатылып жатыр. Бағаны ысырып қойған күннің өзінде де құмшекерді кез келген дүкеннен таба алмайсыз. Ал ауыл шаруашылығы министрі  тапшылық болмайды деп сендірді. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Салдарынан қанттан өнім шығаратын шағын отандық кәсіпорындар жыбылып жатыр. Мәжілісмен Фахриддин Қаратаев вице-премьер Роман Склярдың атына осындай депутаттық сауал жолдады. Мәселенің шешу жолдарын да ұсынды. Оның айтуынша, тарифтік жеңілдік бойынша елге 350 мың тонна қант әкелінеді. Ішкі қажеттілікке байланысты бұл көлемді 1,5 есеге дейін арттыру керек. Әрі жеңілдік мерзімін жарты жылға дейін ұзарту маңызды.

Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өңірлердің барлығында бүгінгі таңда қант тапшылығы байқалып отыр. Біз мұны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан мынау алдымызда қойған мақсат. Осы мәселені Үкімет қатаң бақылауға алып, жұмыс атқару керек деп есептейміз.