Семейде қоқыс тарифі көтерілмек

Семейде қоқыс тарифін бірден 150%-ке көтеру жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді пәтерде тұратындар 190 теңгенің орнына 475 теңге төлеуі керек. Ал жеке сектор тұрғындары қоқыс шығару үшін 553 теңге төлейді. Заңды тұлғалар үшін тіпті 2 жарым мың теңгеден асады. Әкімдіктегілер тарифтің үш есе өсуі жанармай мен қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттауына, сондай-ақ қызметкерлердің жалақысының аздығымен байланыстырып отыр. Шешім Әділет министрлігімен келісілген. Егер оны жергілікті депутаттар мақұлдаса, жаңа тариф келесі айдан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, Семейде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 8 ұйым айналысады, олар бір жарым мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үйлер мен 8 жарым мыңнан астам жеке сектор үйлерін қамтиды.

Құралай Дүйсенбаева, қалалық ТҮКШ бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі:

– Экологиялық кодекске сәйкес біз қоқысты сұрыптауға, қайта өңдеуге міндеттіміз. Сондықтан баға өседі. Баға соңғы рет 2015 жылы бекітілді. Ал одан бері 7 жыл уақыт өтті. Баға да өзгерді.