Мүлік иелерінің бірлестігін құру тиімді емес – заңгер

Заңгер Александр Ким пәтер иелері кооперативінің қайтадан құрылуын, яғни оның мүлік иелерінің бірлестігі болуын құптамай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені оның тиімділігі жоқ. Басқару формасын ауыстыру дұрыс емес екенін баса айтты.

Александр Ким, заңгер:

– Заңгер ретінде айтсам, пәтер иелері кооперативінің қайтадан құрылуын, яғни оның мүлік иелерінің бірлестігі болуын құптамаймын. Меніңше мұның тиімділігі жоқ. Басқару формасын ауыстыру дұрыс емес. Қолданыстағы заңның өзі пәтер иелері кооперативін тұрғындармен етене жұмыс істеуге міндеттейді. Қазір көбі жап-жақсы жұмыс істеп тұр. Бір кооператив бірнеше үйге жауапты. Ал енді мүлік иелерінің бірлестігін әрбір үйде ұйымдастыру қажет. 400 пәтерлі үлкен кешендерде тұратындардың шамасы жетер. Бірақ кеңес дәуірінде салынған 2-3 қабатты үйдің тұрғындары бірлестікке қажетті ақшаны жинай алмауы мүмкін. Осы тұрғыда ойлану керек. Оның үстіне пәтер иелері кооперативі жергілікті атқарушы органдармен келісімшарт жасап, үйдің шатырын ауыстырып отыратын. Енді мүлік иелерінің бірлестігі құрылса, олар әкімдікпен мұндай келісімге отыра алмайды. Себебі үй жөндеу жұмыстарына әкімдік тарапынан бөлінген қаражатты тұрғындар жинап бере алмауы кәдік. Яғни мұндай өзгеріске халықтың өзі дайын емес.