Қостанай облысында Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия 50 жылдан бері жөндеу көрмеген

Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин гимназиясы әбден ескіріп, тозығы жеткен. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған нысан білім беру талаптарына сай келмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиырма жыл бұрын қала басшылығы жаңа типтік мектепті ұстап тұру тиімсіз деген желеумен бұзып тастап, гимназияны осында көшіріпті. Содан бері жергілікті балалар жұпыны да, жайсыз ескі ғимаратта білім алып жүр. Едендері сықырлап, бөлмелері құр тақтаймен бөлінген сыныптардың ескі және тар екені көрініп тұр. Қабырғалардың жұқалығынан көрші бөлмеден сөйлеген дауыстар анық естіледі. Тарс бекітіліп тасталған ағаш терезелер үнемі ашылмайды. Яғни желдетіліп, ауасы тазартылмайды. Соған қарамастан қыста мектеп іші суып кетеді, дейді оқушылар.   

Нұрикамал Әбжан, оқушы:

Былай мектеп формасының сыртынан күртеше киіп отырамыз. Қатты салқындау болғанда сыртынан күртеше киіп отырған кез болды.

Ал мектеп директорының айтуынша, жауын жауғанда төбеден су ағады. Қабырғаның бәрі жанғыш материалдармен қапталған. Сондықтан төтенше жағдай қызметі жылда айыппұл салады. Инженерлік желінің бәрі шіріп тұр.

Ақтоты Қисықова, гимназия директоры:

– Бізде оқу процесі болып жатқанда, мамыр айында бір батарея жарылып, су сондай үлкен напормен бірінші қабатқа дейін барып, оқу процесін сол уақытта тоқтатқан болатынбыз. Сондай да жағдай болды.

Жалпы облыста 500-ге жуық мектеп бар соның 66 проценті шағын жинақты. Арасында мерзімі тақаған, күрделі жөндеуді қажет ететіндері аз емес. Оның бәрі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүйелі түрде іске асады, дейді білім басқармасындағылар. Мысалы, биыл 19, келер жылы 22 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жасалмақ.

Зәуре Байменова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Жиырма екі мекеме ол күрделі жөндеуді қажет ететін мекемелер.Соның ішінде көбісі мектеп. Мысалы, бір ғана Арқалық қаласын алатын болсақ, осы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеппен қатар,мысалы Ақбота деген балабақшаға да, тағы бір мектепке жобалық сметалық құжатты дайындау үшін қаражат бөлінді.   

Облыстық білім басқармасы басшының айтуынша, Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин гимназиясын күрделі жөндеуге 400 миллион тенгеден астам қаржы қажет. Биыл жоба жоғары жақта қолдау тапса, келер жылы жөндеуді бастаймыз деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг