Солтүстік Қазақстан облысының халқы індеттің барына сенбейді

Өңірде малы бруцеллезге шалдыққан тұрғындар төрт түлікті ет комбинатына өткізуге қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аралағаш ауылының халқы қауіпті індет тарағанына сенбейді. Олардың айтуынша, ветеринарлар сау малды әдейі ауру деп, шұжық өңдеу кәсіпорындарына  өткізуге мәжбүрлеп жатыр-мыс. Оның үстіне тұрғындар ауру малға берілетін өтемақыны да ала алмайды екен. Аралағаш ауылының тұрғыны Сәния Нәбиева төрт баланың анасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын жолдасы екеуі мемлекеттен үш миллион теңге несие алып, он бас сиыр сатып алған. Бірақ төрт түлік түгелдей бруцеллезге шалдықты деген соң ет комбинатына өткізуге мәжбүр болыпты. Ал тиісті өтемақысын сол күй алмаған.  

Сәния Нәбиева, Аралағаш ауылының тұрғыны:

– Біз өтемақы алу үшін анықтама сұраймыз. Ол кісілер ешқандай анықтама бере алмаймыз. Өйткені малдарың сау дейді. Ал ветеринарларға малымыз сау десе, ол кісілер айтады, тірі кезінде малдардан ауру деген белгі көрінеді екен. Олардың сөзі бойынша. Ал сойғаннан кейін көрінбейді екен. Сөйтіп бүкіл малдан айырылып отырмыз.

Аралағаш ауылында осымен төртінші жыл қатарынан тек ірі қара малдан бруцеллез анықталды. Тұрғындар тек былтырғы жылы 70 бас малды шұжық цехтарына өткізген. Жағдай биыл тағы қайталанып жатыр. Бірақ бұл жолы жергілікті халық, төрт түлікті қасапханаға тапсырудан бас тартпақ.

Мұсат Мақажанов, Аралағаш ауылының тұрғыны:

– Барып шұжық жасауға тапсырады. Шұжық үшін конпенсация алу үшін ауру деген анықтама беруі керек. Соны олар бермейді. Анда барып сойып жатып, ветврачтардың өзі айтады дейді, мына малдарды неге әкеліп жатырсыңдар, сау малдар ғой деп. 15 мамырда тағы келді, қан алуға. Оның сараптама нәтижесі 16 маусымда келді. Ал бұл қан алу деген, қанның сараптамасы шығу деген 5 күнде шығу керек.

Гүлхан Үсіпбекова, Аралағаш ауылының тұрғыны:

– Біздің алдыңғы өткен малдарымыз сонда бруцеллез емес па, өтірік па шын ба, оның ақ-қарасын ешкім түбіне жеткен жоқ. Анаған барсаң, мынау лақтырады, мынаған барсаң, анау лақтырады. Өзім малдың ауырып жатқанына ешқандай сенеймін.

Тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе, ол ірі қараның сәйкестендіру нөмірінің сараптама нәтижесінде көрсетілген сандармен сәйкес келмеуі. Салдарынан нақты қандай мал ауруға шалдыққанын ешкім білмейді. Ал мамандардың айтуынша, кесел жұқтырғандарды уақытылы көзін жоймаса, ауру дендеп кетеді.  

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Малдың қанынан аурудың белгілері анықталады. Бірақ сойған кезде жағдай басқаша болуы ықтимал. Сондықтан қазір көп жағдайда осылай болып тұр. Дегенмен қауіпті індет ет құрамында болмаса, онда тұрғындар оны басқа жерге апарып өткізулеріне болады.

Ауылда алдағы уақытта шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Ал өтемақы ала алмай жүрген ағайын енді прокуратураға арызданбақшы.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов