Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылында музей салынады – Қостанай облысы

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті. ОЛ Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жайында баяндады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл күзде ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылында музей салынады. Торғайлықтар ағартушының 150 жылдық  мерейтойын қыркүйек айында атап өтеді. Қазір ол аймаққа баратын жол жөнделіп жатыр. Ауылға интернет те тартылған. 

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

– Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған инфрақұрылымдық жобалар жоспарға сәйкес іске асырылып жатыр облысымызда. Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша Ахмет Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар жаңадан медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулаториясы жөндеуден өткізіледі.

ҚОСТАНАЙ ӨҢІРІНІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ

Астықты өңірде биыл 4 млн 800 мың гектар алқапқа тұқым себілді. Оның 3 жарым млн гектары бидай. Жалпы Қостанай облысында жұмыспен қамтылған азаматтардың 25 проценті ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Ұн өндірісі мен азық-түлік тауарының экспорты бойынша елімізде 1-орын осы өңірге тиесілі. Биыл облыста 500 шақырым автожол жөнделеді. Елді мекендерде 220 көше жаңарады. Жыл соңына дейін облыс көлеміндегі жолдардың 85 пайызы қанағаттанарлық күйге жеткізіледі.

Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі:

Арқалық қаласын елордамен және басқа аудандармен жалғайтын бөлік республикалық маңызы бар жолға жатады. Ал жергілікті маңызы бар АрқалықАманкелді, АманкелдіТорғай жолдарын үш жыл бұрын жөндедік. Қазавтожол компаниясымен бірлесіп, Ұлытау облысынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі, яғни, Арқалық арқылы өтетін 125 шақырым жолды жыл аяғы немесе келер жылдың басында жөндей бастаймыз.

Айта кетейік, бес ай қорытындысы бойынша облыста өңдеу өнеркәсібі 13,8%, құрылыс саласы 12,9, ал көтерме сауда 8,6% өсім көрсеткен. Архимед Мұхамбетов облыста үш ауысымды мектеп жоқ деді. Биыл 27 мың адам жұмыспен қамтылған, тағы 18 мың жұмыс орны құрылады. Жалпы, 52 ірі жобаға басымдық берілмек. Жыл басынан бері Қостанай өңіріндегі өнеркәсіп саласы 1 трлн теңгенің өнімін өндірген.