Маңғыстау облысында қант саудасына уақытша шектеу салынды

Маңғыстау өңірінде де қант тапшы. Ауылдарды айтпағанда Ақтаудың өзіндегі шағын дүкендерде жұрт осы тәттіге таласып қалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауапты мамандар тұрғындар текке жанталасып жүр дейді. Олардың айтуынша, халық әлеуметтік желіде таралған жалған ақпаратқа сенеді. Ал қант қоры жеткілікті деп міз бақпайды. Бұл – қала сыртындағы көтерме сауда дүкені. Бұл жерде қанттың келісі 460 теңгеден. Адам басына 3 келіден беріледі. Тұтынушылар алыс та болса, осы жерге келіп аламыз дейді.

350 еді ғой бұрын. Болады енді бұл да бір жобаға, басқаларға қарағанда.

Қаншадан алып жатсыз?

– 460-тан.

– Ал сіз үшін қалай, қалтаңыз көтереді ме?

– Көтермейді.

26-шағын аудандағы ірі дүкенге де халық көп барады. Бірақ қантқа таласқан адам көрінбеді. Мұнда құмшекердің келісі 500 теңге. Бір тұтынушыға 2 келіге дейін алуға рұқсат. 

Әсемгүл, қала тұрғыны:

2 келісі 1000 теңге болып тұр. Қымбат енді бұрынғы бағасына қарағанда. Қымбатсымай тұрғанда өткенде алып қойдым 5 килодай. Ол уақытта 300-ден еді. Енді барына шүкір, ала береміз де. Қайтеміз.

Талғат Исламұлы, тілші:

Маңғыстау өңіріне қант Алматы және Жамбыл облысынан тасымалданады. Тұрақтандыру қорында қазір 220 тонна немесе 4400 қапшық құмшекер бар. Әр қапшықтың салмағы 50 келі. Ақтаудағы дүкендерге аптасына 40 тоннадай қант босатылады.

Жалпы облыста 555 тонна қант бар. 220 тоннасы тұрақтандыру қорында, қалғаны Ақтаудағы ірі дүкендердің қоймасында сақтаулы. «Осы жерлерден сұраныс көлеміне қарай облыс аумағына таратылады. Келісіне 500 теңгеден аспауын бақылауда ұстап отырмыз», – дейді аймақ әкімдігінің өкілі.

Пікір Сансызбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл жердегі механизм бағаны ұстап тұру және болмай қалған жағдайда секермен халықты қамтамасыз етуге арналған. Тұрақтандыру қорынан берілетін секердің бағасы 350. Ал тауар жеткізушілердің бағасы 460-тан басталады 500 теңгеге дейін. Бірақ үй жанындағы дүкендерде кейде қалалық, аудандық бөлімдер барып түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қажет болған жағдайда айыппұлға тартылады. 

Шенеуніктің сөзінше, қант бағасына мониторинг күн сайын жүргізіледі. 2-3 келіден сатылуы да уақытша шектеу. Өйткені Ресей мен Беларусьтен қант тасымалы тоқтап тұр. Таяу күндері Жамбыл мен Алматы өңірінен 5 вагон қант келуі тиіс. Тағы 10 вагон қант алдыруға келіссөздер жүріп жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев