Ақтаудағы жаңа шағын аудан тұрғындары челлендж бастады – су жоқ

Судың жоқтығын айтып, әлеуметтік желіге жаппай жариялап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бастаманы қолдағанның бірі – Асыл Ізмағанбетова.

Тіршілік нәріне тарыққаннан пәтерін тастап, төменгі шағынауданнан баспана жалдауға мәжбүр болыпты.

Асыл Ізмағанбетова, қала тұрғыны

- Үйге тұра алмай жатырмыз, су жоқ, ақпайды. Сұрайтынымыз – көмек, әкімдік ақша бөле ме, насос алып берсін, балдарды шомылдырмай ма, тамақ пісірмей ме, кір жумай ма?

16 шағынаудандағы «Жеңіс» тұрғын-үй кешені тұрғындары да айдын күннің аманында суға зар екеніне наразы.Әкімдікке мәселені айтып, бірнеше рет жүгінген. Алайда бас қатырар ешкім жоқ дейді. Бір шешім ретінде үйге арнайы қондырғы орнатуға кеңес беріпті.

Меруерт Әбдіханова, қала тұрғыны:

- Су болмай қалады нөл, соның кесірінен даладан тасимыз, үйімізден кетуге мәжбүр боламыз. Әкімдік насос қондыру керек деді, халықтың өз қалтасынан шығу керек болып тұр. Газды онсыз да қостырып алдық. Насос 2 млн шамасында, одан да жоғары болуы мүмкін. Бәрінің жағдайы жетпейді, кемінде 15-20 мыңнан жинау керек.

Қызмет көрсетуші мекеме басшысы қалада қысым болмаса, қондырғының пайдасы жоқ екенін айтады.

Аманжол Есен, ПИК басшысы:

- Өкінішке қарай, бұл үйлерде қарапайым халық тұрады КСК-да да 6 млн-дай қарызы бар. Бізге сорғышты қойсақ, өзгеріс болады дейді. Инженерлер бәрі біледі, ағымдағы жылда жазда графикпен су беріліп жатыр. Егер насосқа белгілі бір қысым келмесе, ол насос жасамайды. Кез келген насос жасау үшін 2,2 деген қысым керек. Трассада қысым болмаса өртеніп кетеді.

Жергілікті билік өкілдері заң бойынша тек ескі шағынаудандарға ғана бюджет қаражатына қондырғы орнатылатынын айтады. Бұл жаңалыққа тұрғындар наразы.

Юлия Асташова, қала тұрғыны:

- 13-шағынауданда насосты қойдық деп естідік. Неліктен олай бөледі, бізге де орнатсын. Қаражат жинайтын жағдайымыз жоқ, биліктен осыны сұраймыз.

Нұрлан Орынбасаров, МО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл тек бірен-саран үйлерге қарастырылған, Ақтау қаласының ескі шағынаудандарында 9 қабатты, 12 қабатты тұрғын-үйлерге орнатылып отыр. Жаңа шағын аудан тұрғындары өздерінің құрылыс слаушы компаниялары бар, басқарушы компанияларымен бірлесіп қондыру қажет. Тиісті қаражатты жинақтап, насосты сатып алған жағдайда әкімдік тарапынан Каспий жылу су арнасы арқылы орнатып беруге көмектесу мәселесі қарастырылатын болады.

Тұрғындардың айтуынша, «Жеңіс» тұрғын-үй кешенін салған құрылыс компаниясы 2 жылдан бері төбе көрсетпеген. Олардан үміт күтпейміз, - дейді. Жұрттың қаражат жинауға шамасы жоқ. Сондықтан әкімдік көмек көрсетпейінше, құзырлы органдарға шағымдана бермек.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев