Ақтөбе облысында шетелдік компаниялар еңбек заңын өрескел бұзған

Ақтөбе облысында шоғырланған бірқатар шетелдік компания еңбек заңы талаптарын өрескел бұзған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтсақ, өзге ел азаматтарының жалақысы отандық мамандардан айтарлықтай артық болып шықты. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері мәлімдеді. Мәселен мұнай компаниясында бөлім басшысы лауазымындағы жергілікті тұрғын 396 мың теңге алса, дәл сондай қызметтегі шетел азаматына 422 мың теңге нәпақа төленген. Вахталық әдіспен еңбек ететін отандастарымызға ешқандай жолақысы өтелмесе, шекара асып жеткендерге жолпұлына 5 млн-нан 11 млн теңгеге дейін төленіпті. Қазақстандық жұмысшылардың тұрмыстық жағдайы да мәз болмай шықты. Эпидемиологиялық талаптарға сай тұрғын бөлмелер әрбір жанға 6 шаршы метрден есептелуі тиіс. Алайда, он шаршы метрлік жылжымалы вагондарда үш адамның тұрып жатқандығы анықталды. Шетелдіктер болса мұндай баспанаға бір-бірден жайғастырылған.

Бақытжан Ешмағамбетов, облыстық прокуратураның ІІІ басқарма басшысы:

- 52 шетелдік қызметкердің жергілікті атқарушы органмен берілетін тиісті рұқсатсыз жұмыс жасағаны анықталды. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517 бабы бойынша көші-қон заңнамасын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен бірге аталған еңбек жағдайларын сақталуы, диспропорция, дискриминация бойынша барлық тиісті шаралар қабылдайды. Нұсқамалар беріледі. Сейкестендіру еңбек жағдайларын, жалақыны сәйкестендіру барлық өз орындарына. Әкімшілік айыппұлдар көзделген.