Алтын қазғандардың басынан дау кетпей қойды

Алтын қазғандардың дау-дамайы көбейді. Күршімдегі 10-ға жуық елді мекен тұрғындары Маралды ауылында кен өндіретін фабриканың салынуына қарсы. Олардың айтуынша, кен іздегендер заңды белден басып, табиғатқа залал келтірген. Соның кесірінен жайылым да, шабындық жер де тарылған.

Ал осы өңірде бірнеше жылдан бері алтын шайып жүрген компания өкілдері құжатымызда мін жоқ, заңды жұмыс істеп жатырмыз дейді.

Азамат Қасым, тілші:

- Ауыл тұрғындарының фабрика құрылысына қарсы болатындай жөні де бар. Өйткені қазірдің өзінде 100 гектарға жуық аумақтың осылай ойран-топыры шыққан. Ал фабрика салынса, жағдай бұдан да сорақы болуы мүмкін дейді маралдылықтар.

Маралды ауылы маңының қалай болса солай қазылып, жайылымның тарылғанын тау басына көтерілгенде көрдік. Елді мекеннің сиырлары алтын қазғандардың қопарып тастаған жерінде жүр. Кен іздегендер ауыл төңірегіне келгелі малдың жайылымы ғана емес, елдің тынысы да тарылған. Өзендегі балық саны да азайған.

Әділ Қожықов, Маралды ауылының тұрғыны:

- Ана жолдары екі күн күн ысып, ауылымызды түгел шаң басып кетті. Ауылдың адамдары демалудан қалды. Бәрі үйлеріне тығылып. Қазір басталмай жатып осылай. Фабрика басталса не болады? 

Азамат Қасым, тілші:

- Ауыл тұрғындары алтын өндіретін фабрика салынса мынадай мөлдіреп ағып жатқан Күршім өзені жарамсыз күйге түсе ме деп алаңдайды. Өйткені бұл өзеннің бойында бір емес, онға жуық елді мекен орналасқан.  

Мейірхан Байсұлтанов, Маралды ауылының тұрғыны:

- Мына жер алтын қазатын жер емес қой. Мына жер туризмді дамытатын жер. Біздің жерімізде, мына өзенде таза балық өседі. Қызыл кітаптағы. Таймен, хариус.

Маралды деп аты айтып тұрғандай, бұл төңіректе марал да, басқа да аң-құстың түрі көп. Ал егер фабрика салынса, қоршаған орта бүлініп, иен даланы еркін жайлаған маралдардың өзі емес, мынадай ескерткіші ғана қалуы мүмкін деп алаңдайды жергілікті тұрғындар.   

Нұрбек Байтұрсынов, Күршім ауылының тұрғыны:

- Бұл жерде цианид кислота өндіреді. Бұрынғы шахталық әдіс емес. Ашық әдіспен. Бұл өте зиянды. Өскеменнің жанындағы Секисовка ауылы осы цианидтің кесірінен қазір зардап шегіп отыр. Соны қайталамау керек. Егер мынадан ақса Ертіске барып құяды. Мұқым осының бойындағы ауылдарға зиян. 

Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырғаны – кен орнының, салынатын фабриканың дәл елді мекеннің төбесінде орналасқаны. Ал компания өкілі бұдан келер қауіптің жоғын айтады. 

Дәулет Асанов, кен өндіруші компанияның экологы:

- Ауылдың дәл төбесінде тұр деп тауды айтып жатыр. Таудың ішінде кен орындары бар. Бұл фабрика кен орнының үстіне салынбайды. Бір жотадан ары қарай. Ауылға дейін үш километр.

Алайда жергілікті тұрғындар кен өндіруші компания өкілдерінің айтқан сөздеріне сенбейді. Алтын қазуға рұқсат беретін құжаттары да дұрыс емес дейді. Ал компанияның бас геологы бұл пікірмен келіспейді.  

Асхат Әзілханов, кен өндіруші компанияның бас геологы:

- 2023 жылға дейін құжаттарымыз бар. Ол бойынша геология комитеті 27 процент, 50 мың тонна кенді алуға рұқсат қағазы бар. 

Кеше Маралдыға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфықар Жолдасов арнайы келіп, қоғамдық тыңдауға қатысты. Төрт сағатқа созылған жиында тұрғындар бір ғана талап қойды. «Алтын өндіретін фабрика салынбасын» деді бәрі бір ауыздан. 

Зұлфықар Жолдасов, экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

- Халықтың, осы жердің тұрғындары, көпшілік наразылығын білдіріп жатыр. Негізі кез келген жоба, кез келген бастама тек халықтың тыңдауымен өтуі керек. Соны басшылыққа алып, шешім шығарамыз. 

Тұрғындарды сан айдан бері сарсаңға салған сауалға бұл күні жауап берілмеді. Нақты шешім бір айдан кейін айтылатын болды. Тиісінше фабрика құрылысы да бір айға тоқтатылды. 

Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин