Саумалкөлдегі дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмай келеді

Саумалкөлде осыдан үш жыл бұрын басталған дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталар емес. 300 млн теңге бөлінсе де жұмыс орта жолдан тоқтап қалды. Мердігер ұйымға қарсы «бюджет қаржысын жұмқырды» деген баппен қылмыстық іс қозғалған.

Спорт сарайының ендігі тағдыры не болмақ?

Саумалкөл ауылындағы дене шынықтыру - сауықтыру кешені 2020 жылы тапсырылуы тиіс еді. Бірақ ел күткендей болмады. Нысан қазір осындай аянышты күйде тұр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Қазір құрылыс басында жұмыс істеп жатқан тірі жан жоқ. Ал нысанның сиқы мынау. Денешынықтыру - сауықтыру кешенінің қабырғалары ғана көтерілген.

Қазір құрылыс компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Босқа кеткен уақыт аралығында жобаның да құны өзгеріп шыға келді. Сондықтан шенеуніктер биыл жаңа смета жасап, қосымша 274 млн теңге бөлді. Бірақ мердігер әлі күнге дейін нақтыланбаған.

Жанат Байсеуов, Айыртау аудандық сәулет, құрылыс және ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұл нысанды негізі биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бірақ байқау қорытындысына шағым түсіп, жеңімпаз анықталмай тұр. Қазір ол аппеляциялық комиссияның қарауында. Сондықтан жұмыс әлі басталған жоқ. 

Жұмыс әлі басталмай жатқанда спортшылар қайда болса сонда жаттығып жүр. Мысалы, жеңіл атлетшілер асфальттің үстіне жасанды шөп төсеп, орталық саябақта жүгіріп амалдайды.

Сергей Грачёв, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы:

- Облыс бойынша ең нашар стадион бізде. Ешқандай талапқа сай келмейді. Жеңіл атлетшілерге жүгіру жолағы жоқ. Асфальтта жаттығу аяққа зиын. Футбол алаңы да тозып бітті.

Орталық стадионға адам аяғы тимегеніне көп болған сыңайлы. Қақпасы сыммен жабық тұр. Ал алаңды шөп басып кеткен. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы