476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ерлігі ерен сақшылар

  • 277
  • UPD: 21:41, 23.06.2022

Сауысқандай сақ, қырандай қырағы. Өз өмірін қатерге тігіп, қызметіне адал қараған тәртіп сақшылары көп. Қызметте жүріп қаза тапқандары қаншама. Ең бастысы - Қоғамның сақшысы қай кезде де адамды қорғауға дайын. Сол үшін жанын береді. Былайғы жұртқа байқалмағанмен, олардың әр сәті қауіп-қатерге толы.

Оқыс оқиғалар кезінде өз өмірін тәуекелге тіксе де, қарапайымдылығымен ерліктері жария болмай жүрген полициялар баршылық. Солардың бірі батыс қазақстандық полиция инспекторы Ержан Қуанышев. Ол суға батып бара жатқан екі баланы ажалдан арашалап қалды.

Ержан Қуанышев, БҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы:

- Суға секірдім де әуелі біреуін алып шықтым. Сосын екінші баланы да жағаға жеткіздім. Жерге жатқызып бірден алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Балада тіршілік нышаны білінбеген соң жасанды тыныс алдыру тәсілін қолдануға тура келді. шамамен екі минут өткенде балақай тамағына жиналған суды шығарып, өзі демала бастады. Есін жиғаннан кейін қатты тоңып тұрмын деді. Көліктегі жылы заттармен орап, өз-өзіне келгеннен кейін үйіне әке-шешесіне жеткіздім.

Қуандық Әбдіқалиев, Погадаев ауылының тұрғыны:

-  Мұқағалиға жасанды тыныс алдыру көмегін жасаған. Сөйтіп, үйге әкеліп тастады. Ержанға мен рахыметімді айтамын көп-көп. Қызметте өсіңіз. Елімізде осындай қаһарман жігіттер көп болсын. Ержан сияқты жігіттерді тәрбиелеген ата-аналар көп болсын. Папасы мен мамасы Самат пен Маржанға  алғысым шексіз.  

Бұл тәртіп сақшысының өз жұмысы ғой дерсіз. Алайда полицейлердің жұмысында мұндай жағдай жиі кездесетін көрінеді. Мәселен, елордалық полицей Ерсұлтан Сарыбаев биік көпірден суға секірген әйелді құтқарып қалған.  

Ерсұлтан Сарыбаев аға лейтенант:

- Қыздың суға батып бара жатқанын көрдік. Сол сәтте қасымдағы әріптесім Ермек екеуміз суға секіріп, қызды алып шықтық.  Жұмысымыз өте жауапты жұмыс. Сондықтан кейде өз өмірімізді қатерге тігеміз.  

Абай атамызша айтсақ, ерлік жасай білу жүректегі қайраттан. Оны ақтаулық полицей Рыскелді Мәденов тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Ол кәмелетке толмаған 3 баланы тілсіз жаудан құтқарып қалды. Қызыл жалынға оранған пәтерде 5 айлық және 2, 3 жастағы сәби барын білген ол, ойланбастап жалындаған оттың ортасына кіріп балаларды аман алып шыққан. 

Рыскелді Мәденов, қалалық ЖПҚ патрульдік полиция ротасының аға лейтенанты

- Кірер алдында баклажкадағы сумен шүберекті сулап, мұрнымызға жауып өзім кірдім. Жылап жатқан балалардың даусы шықты. Төменге алып түсіп, анасына бердім. Бұл әрекетімізді ерлік деп бағаламаймыз. Қызметіміз талап етеді осыны. 

Ерлігін ел білмейтін тағы бір жан елордалық тәртіп сақшысы Дархан Шүкенов. Тапаншасымен қорқытып, бойжеткенді 14 қабаттан лақтырмақ болған қаскөйді қолға түсірді. Қас қағым сәтті қалт жібермеді. Қаруы бар адамның қолынан қызды құтқарып қалды. 

Дархан Шүкенов, Патрульдік полиция инспекторы:

- Жігіт қызды 14 қабаттан лақтырмақ болады деген шақырту келіп түсті. Біз деп кезінде барып, 14 қабатты үйдің балконынан қызды қорқытып лақтырмақ болған. Қолын қайырып, тергеу полициясынап беріп жібердік.

Қызметтік міндетін адал атқарып қана қоймай, кей сәтте жанын қиюдан да жасқанбайтын мамандардың еңбегі ерен. Міне осындай жасаған көзсіз ерліктерін, ерлік емес басты міндетіміз деп жүрген полиция қызметкерлерін бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық.

Айнұр Қуатқызы

Хабар 24 телеарнасы