Автобусты пойыз қаққан жерге айналма жол салу уәдесі орындалмады

Алматы облысының Жібек жолы ауылында тіпті жол салатын жер қалмады. Карта бойынша жол өтетін учаскелер жеке меншікке сатылып кеткен.

Ал тұрғындар орталық көшеге қатынай алмай тұйықта қалған. Оларға жедел жәрдем де, өрт сөндіру көліктері де жете алмайды. Ауыл халқының шағымы бұл ғана емес. 

Бұрынғы Шамалған станциясы қазіргі Жібек жолы ауылы тұрғындарының зары теміржол өткелінен басталады. Күнде қалаға жұмысқа қатынайтын олар 1,5-2 сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр. 2019 жылы осы өткелде тұрып қалған автобусты пойыз қағып, қайғылы жағдай болған еді. Содан кейін жаяу жүргіншілерге арналған өткел жасалды. Ал көліктер үшін айналма жол салынады деп айтылған. Алайда жағдай әлі сол қалпында.

БЛИЦ:

- Екі мыңыншы жылы келдім ғой осы жерге, әлі осы тұрыс.

- Осы жер жөнделсе жақсы болар еді. Халықтың бәрі осы бір-ақ жолдан жүріп жатыр. Көлік те осы жерден жүріп жатыр.

- Это каждый день такая песня, мы стоим здесь 1,5-2 часа, вот на такой жаре.

27 мың халқы бар Жібек жолы ауылында жол мен жарық мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Кейінгі 15 жылда салынған үйлердің балаларына мектепке бару мұң. Көктем-күзде жарым жолда батпаққа батып қалады. Ең сорақысы, карта бойынша жол салынуы тиіс учаскелер жеке меншікке сатылып кеткен. Нәтижесінде Нұрлы мен Бәйтерек көшелерінің тұрғындары  орталық көшеге шыға алмай, тұйықта қалып қойған. Ал ауылдағы электр энергиясының әлсіздігінен 21-ғасырда өмір сүріп отырсақ та, тұрмыстық техниканың қызығын көре алмай келеміз, дейді тұрғындар.

Ділбар Сұлтанова, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Біреудің үйінің үстімен өтіп отырмыз қазіргі таңда, ертеңгі күні ол кісі ворота салып, забор салып тастаса бізге Таң көшесіне вообще жол жоқ. Нұрлы көшесінің тұрғынымын.

Ділшат Ибраева, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Жасамайды, тек документально жасап қойыпты, интернет, жол, су, газдың бәрін документально, ал дәлел ретінде жоқ.

Қызылбай Наурызәлиев, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Әкімдердің бәрі ауысып жатыр, біз әкім дегенді көргеміз жоқ. Үш жыл болды сайланғанына, әкім дегенді танымаймыз да.

Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Алпамыс Айдаровты біз де жұмыс орнынан таппадық. Тек телефонмен тілдесудің сәті түсті. 

Алпамыс Айдаров, Жібек жолы ауылдық округінің әкімі:

- Таң, Бәйтерек көшелері... Меншік иесімен қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр, ол кісінің жерін ауыстырып беру бойынша мәселелер көтеріліп, қазіргі таңда 1-2 аптаның шамасында шешімін табады деп күтіп отырмыз, ол жолдар ашылады. Таң, Нұрлы, Бәйтерек, Баласаз, Тегістік деген көшелердің бәрінің бюджеттік өтінімдер берілген, сметалары жасалған, енді ақша бергендігіне қарай осы көшелерді жасап береміз.

Былтыр Жібек жолы ауылдық округіне үш жаңа қосалқы электр станциясы салынған. Енді оны «Алатау жарықтың» меншігіне беру жұмыстары жүргізілуде. Әкімнің айтуынша, электр қуатының мәселесі екі айда шешімін табады. Айтпақшы, әкім теміржол өткеліндегі кептеліс те келмеске кетеді деп сендірді. Жыл соңында айналма жол қолданысқа беріледі екен.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон