Биыл Ақмола облысында 1 мың шақырымға жуық жол жөнделеді

Ақмола облысында биыл 1 мың шақырымға жуық жол жөнделеді. Олардың арасында республикалық және облыстық маңыздағы жолдардан бөлек елді мекен ішіндегі көшелер де бар. Ол үшін ел қазынасынан 60 млрд теңге шамасында қаржы қарастырылған.

Бұл «Бейбітшілік» мөлтек ауданы. Мұнда былтырдан бері негізгі көшелерге асфальт төселіп, күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Халықтың көптен күткені де осы еді. Жұмыстың бәрі толық біткен соң ауданға қоғамдық көлік қатынайды. Жалпы облыс орталығында биыл 15 шақырымға жуық жол жөнделмек.

Ерболат Серікпаев, қалалық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

- Алдағы уақытта Көкшетау қаласы әкімдігімен Уәлиханов көшесінен теміржол өтпесіне дейінгі жол, Застанционный ауылына апаратын көпірдің жөндеуі, сонымен қатар Астана-Петропавл жолындағы қиылыстың құрылысы бойынша жобалар іске асырылуда. Барлық жұмыстар қыркүйек айына дейін аяқталуға тиісті. 

Қалалықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық. Қылшақты өзені арқылы өтетін Сүлейменов көшесіндегі көпірдің де құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек биыл шаһардың бірқатар шеткі көшелері де жөнделмек. Мамандардың сөзінше, жолды салып ғана қоймай, оның сапасын қадағалау да өте маңызды.

Талғат Жүсіпов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" облыстық филиалының директоры:

- Құрылыс жұмыстары басталмас бұрын біз алдымен материалдардың сапасын тексереміз. Одан кейін жолды салып жатқан уақытта тағы бір бақылаймыз. Ақырғы қадағалау жол төселіп біткен соң жасалады. Ол кезде жол жабынының талапқа сәйкестігі назарға алынады. Қандай да бір кемшіліктер анықталса, мердігер мекемеге ретке келтіру жайлы ескерту береміз. 

Былтыр Ақмола облысында 800 шақырымға жуық жол жөнделген болатын. Биыл бұл көрсеткіш тағы 200 шақырымға көбейіп отыр. Жергілікті билік өкілдерінің алдағы жылдарға да жоспары ауқымды. Ондағы мақсат аймақтың барлық жолдары мен көшелерін тақтайдай теп-тегіс ету. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко