Алматы облысында жеміс-жидектің бағасы қымбат

Алматы базарларында жеміс-жидек бағасы шарықтап тұр. Тіпті ауа-райы қолайлы Жетісу өңірінің өзінде де баға қымбат, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар қымбатшылықтың әртүрлі себебін айтуда. Бірі сатушылар бағаны негізсіз көтеріп отыр десе, өзгесі делдалдарды кінәлайды. Тіпті қант тапшылығы да  жеміс-жидек бағасына әсер етпей тұр. Жер жәннаты саналатын Жетісу өңірінде биылғы жаз жанға жәйлі. Жауын-шашын көп болғандықтан жасыл желектер жайқалып, жеміс-ағаштары мол салған. «Жылдағымен салыстырғанда түсім жақсы», – дейді шаруа қожалықтары. Бірақ жеміс-жидек бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұр.

Олжас Бестібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Барлық нәрсе нарыққа байланысты ғой. Нарық қалай болады бізде де сондай. Теретін адамдардың өзі де күнделікті жұмыскерлер. Бір адам 7 мыңнан тереді. Бір адамнан 7 мыңнан терген кезде бізге ар жағында өзіміздің суымыздың ақшасы бар күнделікті. Теретін ақшасы бар. Қалатыны азын-аулақ. Қымбат болатыны содан.

«Үш жылдан бері жеміс-жидек сатып жан бағып жүрміз. Бірақ үкіметтен ешқандай қолдау болмаған соң бағаны бізде арзандата алмаймыз»,дейді фермер. Ал мемлекеттен бөлінетін субсидия қарапайым қожалықтарға жете бермейді.

Биыл қала тұрғындары «Тосап жасап, кампот іше алмайтын болдық. Өйткені жеміс-жидек қана емес, қанттың да бағасы қымбаттап кетті», – деп отыр.

Айғаным Сұртай, қала тұрғыны:

Қазір жеміс-жидектер қымбат. Варенье жабайық десек малина аламыз, малина алсақ қант қымбат деген сияқты. Барлық базарларда қымбат.

Тамара Амраева, қала тұрғыны:

– Енді варенье жасау керек, кампот жасау керек. Қыс болса келе жатыр. Бәрі қымбат. Жазда болса да кішкене арзандатса болады ғой енді.

Ал базардағы саудагерлердің де өз уәжі бар. 

Ольга Сүлейменова, сатушы:

– Алтын Орданың өзінде қазір тауар қымбат. Өйткені Алтын Орданың системасы былай. Телешкаға бересің, машинаға бересің. Кіргенге бересің, жүк тиеуге бересің. Оны әкеліп, мына жерге түсіргенше жолдың өзі қымбат. Оның үстіне биыл қант қымбат. Тосап, кампот деген нәрселерге елдер қиналып жатыр қазір. Биыл арзан нәрсе жоқ қой өзі барлығы қымбат болып тұр.

Қазір қала базарларында таңқурай мен шиенің бағасы 2 мың теңгенің үстінде. Құлпынайда қымбат. «Біз жемістерге 100 теңгеден артық қоса алмаймыз. Өйткені алған тауарымызды бір күнде бітірмесек шіріп кетеді. Ал қанттың тапшылығына байланысты биыл жеміс-жидек алушылар азайып кетті»,дейді саудагерлер.

Жібек Әжібаева, Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті:

– Біз соңғы уақытта астық шаруашылығы мен көкөніске көбірек көңіл бөліп, жеміс-жидек жайына қалды. Нәтижесінде жидек өсірушілеріміз дами алмай отыр. Сондай-ақ бізде тұқым қорына қатысты да мәселе бар. Қазір жидек ұрықтарын сырттан сатып аламыз. Осылардың барлығы бағаға әсері етеді.

Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы мамандарының айтуынша, біздегі жеміс-жидектердің басым көпшілігі Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінеді екен. Жақсы қолдау жасаса, өзімізде де өсіруге болады. Ал әзірге базардағы бағаның арзандайтын түрі жоқ. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов