Жаңарған конституцияда адам құқығын қорғау іс жүзінде қалай көрініс табады?

Үштен бір бөлігі өзгертілген Ата заңымыздың құқық қорғау әлеуеті жөнінде және Адам құқығын сақтау турасындағы осы және өзге мәселелердің заңдық негізде қамтамасыз етілуі жайында бүгін Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, сондай-ақ Бас прокуратура, тиісті министрліктердің басшылары қатысты. Сарапшылар ұлттық заңнама мен құқық қорғау практикасын одан әрі жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, жаңартылған конституция ережелерін талқылауға азаматтық қоғам өкілдерін кеңінен тарту көзделген. Ал бүгінгі отырыста тұжырымдалған ұсыныстар Президенттің, Парламенттің және ел Үкіметінің назарына жеткізіледі.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры

– Біздің конституцияда жазылған ғой, ең қымбатты қазына – адам. Оның өмірі, оның құқықтары деп. Енді мемлекеттік органдар осы конституция бойынша іске асыру керек. Көзбояушылық болмау керек деген халық талабын қойып отыр. Бүгінгі дөңгелек столдың ең маңызды айтатын спикерлердің сөздері осы маңайында болып отыр.