Нұр-Сұлтанда мамыр-маусым айларында қараусыз қалған 3 бала суға кетті

Жаз басталғалы жергілікті су қоймаларындағы бұл көріністі күнде байқауға болады. Аптап ыстыққа шыдамай, шомылуға келетіндердің қарасы қалың болғандықтан, құтқарушылар таңғы 9-дан бастап жағажайларды патрульдеуге кіріседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шомылатындар арасында ересектерден гөрі балалар көп. Басым бөлігі жағажайға ата-аналарына ескертпей баратын көрінеді.

Азамат Жұмекешов, қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

- Балалар көп келеді. Қасында ересек адамдар жоқ. Олар қарауынсыз ешбір бақылаусыз жүрген балалар. Үлкен кісілер де осында келіп суға түседі. Біз оларға ескерту жүргіземіз.

Қазір қала аумағында шомылуға рұқсат берілген 3-ақ жер бар. Қалған 21 орында тыйым салынған. Алайда жазғы демалыс кезінде мұндай шектеу балаларды тоқтатар емес. Олар полиция қызметкерлері келгенде қашып, шамалыдан кейін қайтып келеді.

Мамыр-маусым айларында қараусыз қалған 3 бала суға кетті. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаменті күніне 20-25 құтқарушыны патрульге жібереді.

Жанат Қамерденов, қалалық ТЖД Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

- Балалар суға бірнеше секундта кетіп қалады. Көбі ешқандай дыбыс та шығармайды. Олардың суға кетіп бара жатқанын анықтау өте қиын. Кейде үрейленген жасөспірімдер жанындағы баланы қолынан тартып, өзімен бірге су астына алып кетуі де мүмкін.

Сондықтан департамент мамандары тек ресми рұқсат етілген жерлерде ғана шомылуға кеңес береді. Өйткені мұндай жағажайларда құтқарушылар стансасы орнатылған.

Азамат Жұмекешов, Қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

- Жағажайларға баратын болсақ, оларда асты тексерілген. Адамның өміріне қауіп жоқ. Оның ішінде құтқарушылар, вышкалар бар. Шеңбері, Александров жіптері, барлық адамның өміріне, жағажайда қауіпсіз уақыт өткізуге жағдай жасалған.

Стансадағы мамандар адамды судан шығарып, оған жедел жәрдем берудің қыр-сырын жетік меңгерген.

Жанат Қамерденов, қалалық ТЖД Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

- Адамды судан шығарғаннан кейін басын төмен қаратып жерге жатқызамыз. Өкпесі тазарғаннан кейін арқасына аударамыз. Киімін шешіп, жүрегін 30 рет қолмен басамыз. Екінші құтқарушы аузына дем беріп көмектеседі. Содан кейін адам қалпына келеді.

Құтқарушылар мектеп жанындағы лагерьлерді де аралап, балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Алайда мұндай ескертулерге құлақ аспайтындар қаншама.

Авторлары: Дариға Ташенова, Марат Диханбаев, Аят Дүйсенбаев