Елімізде шығарылатын өсімдік майына сұраныс айтарлықтай жоғары

Қазір Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ауғанстанда елімізде шығарылған өсімдік майына сұраныс айтарлықтай жоғары. Алдағы уақытта  отандық өндірушілер Түркия, Иран және басқа елдердің нарығын да игеруге ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені еліміздегі зауыттар толық қуатпен жұмыс істесе жылына 700 мың тоннаға дейін май өндіруге қауқары жетеді. Алайда сыртқы нарыққа шығуға кедергі аз емес, - дейді өндірушілер.

Ерболат Кармамбаев, май өндіруші зауыттың өкілі: 

- Бірнеше ай болды, зауыттың алдында цистернаға құйылған өсімдік майы тұр. Қытайға жеткізу үшін Қазақстан темір жолынан рұқсат күтіп отырмыз. Бұл өндірістің құлдырауына әсер етеді, атап айтқанда цистернада тұрған майдың қышқылдығы артып, сапасы төмендейді. Екіншіден, келісімшарт талаптарын орындай алмаймыз.

Қазақстанда майлы дақылдарды өндірушілердің ұлттық қауымдастығына кіретін 30 ірі зауыт бар. Сондықтан, шикізатты емес, дайын өнімді экспорттау маңызды, - дейді мамандар. Себебі, майлы дақылдар өндірісінің мал шаруашылығына да пайдасы көп.

Алмасбек Садырбаев, ауылшаруашылығы саласы бойынша сарапшы:

- Қосалқы қалдығы, ол жаңағы майлы дақылдардың жмыхы, біз мал шаруашылығындағылар оны азық ретінде қолданамыз. Біз нақты былтырғы жылы Маңғыстаудағы жұт соның барлығы майлы дақылдарды өңдейтін зауыттардың арқасында шықтық. Өйткені Семейдің, Шығыс Қазақстанның зауыттары тегін, өте төмен қаражатпенен Маңғыстаудың, Қызылорланың шаруаларына  шроттар, шемішкенің қауырсындары сонымен біз малымызды асырап шықтық.

Халықаралық форумның қорытындысы бойынша отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған кешенді шаралар әзірленіп, еліміздің ауылшаруашылығы министрлігіне жолданатын болды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

 

Сондай-ақ...