476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қордайлықтар табыс келтірудің тиімді жолын тапты

  • 280
  • UPD: 13:59, 25.06.2022

Ауданда инновациялық бизнес жоба әзірленіп жұрт жаппай құс өсіруге көшті. Қазір әр ауылдық округ жанынан жер бөлініп шағын тауық фермалары салына бастады. Тың бағдарламаның бірінші кезеңіне үлгіргендер алғашқы өнімді нарыққа шығарып жатыр.

Құс етін өндіру жобасы бірнеше жыл бұрын Қордайда тәжірибе ретінде басталған. Аз уақыт ішінде тиімділігін көрсетіп жоба жүріп берді. Мемлекет тарапынан қолдау тауып қазір өндірістік кооператив ретінде іске асып отыр. 

Талғат Сәрсенбаев, ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі:

- Жылына 6 рет 6 цикл ұстаса болады. Әр цикл сайын 500 мыңнан 1 миллионға дейін пайда көрсе болады. Бізде 12 кәсіпкер айналысып жатыр ғой. 12 кәсіпкердің ішінде екеуі 7 цикл істеді. 21 тонна ет өткізді. Қалғандары 18 тоннадан ет өткізді.

Дәметкен Нұрбекова 2 жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп мемлекеттен жеңілдетілген несие алған. Ол қаражатқа шағын тауық фермасын ашып, тәуекелге бел буды. Қазір кәсіпкер әйел кемінде 7-8 рет өнім алып, табыс тапты.  

Дәметкен Нұрбекова, кәсіпкер:

- Кооперативіне кіріп жатырмыз.  Басында ашқанда біз бөлек-бөлек болғанбыз. Қазір біз ұжым болып, кооператив болып жатырмыз. Өте ыңғайлы. Біз екі жыл болды. Енді үш жылымыз қалды. Несиемізді төлеп бітсек, ол ферма өзіміздің жеке меншігімізде қалады.

Жобаның негізгі тиімділігі мынада. Мемлекет кезексіз жер береді. 2,5 процентпен 9 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиесі бар. Ал егер бірнеше адам бірігіп, кооператив құрып, іс бастағандарға су, жарық, газ сияқты қажетті инфрақұрылым тегін тартылады.  Бірақ ол үшін кемінде 5 адам кооперативке бірігуі керек. 

Мәден Мұсаев, Қордай ауданының әкімі:

- Қордай ауданында қазір 12 ферма салынды. Жылдың аяғына дейін тағы 8 ферма салынады. Жылдың аяғында 520 тонна ет өндіретін болады биылғы жылдың өзінде. Тауық етін.

Салынатын тауық ферманың ені 6, ұзындығы 20 метр. 120 шаршы метр жерге 1500 құс сияды. Ферма толықтай автоматтандырылған. Су, жем беру және  микроклимат автоматты түрде бақыланады. Құстардың жағдайын ветеринар мамандар ұдайы қадағалайды. 

Сұңғат Қыстақов, ветеринар:

- Операторларымыздың уақыт бөлуі өте аз. Күніне екі сағат ғана бөледі. Су өзі 24 сағат бойы болып тұрады. Бірінші он күндері бұлар өз аналық иммунитетімен өмір сүреді. Одан кейін біз оны антибиотикпен болмаса вакцинамен иммунитетін көтереміз. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Мынадай шағын тауық фермасында бір жарым мыңға дейін балапан сыяды. Олардың әрқайсысы 38-45 күннің ішінде 2-2,5 келіге дейін ет береді. Өте өсімтал. Сонда бір жарым айдың көлемінде бір тауық фермасынан үш тоннаға дейін ет алуға болады.

Құстың етін қайда өткізем деп бас қатырмайсыз. Кооперативтің жанында қасапхана бар. Етті қабылдап ақшасын санап береді. Жалпы өнімнің бұл түріне сұраныс өңірдің өзінде де жоғары. Бүгінде облыс құс етімен өзін өзі тек 67 процентке ғана қамтып отыр.  Қазір халықтың тұрмыстық жағдайын көтеруге бағытталған бұл жоба үкіметтің жіті бақылауында.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы