Арыс қаласының тұрғыны өзі тұратын көшені әсем баққа айналдырған

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны өзі тұратын көшені әсем баққа айналдырған. Қараман Төленов осы іспен бірнеше жылдан бері шұғылданып жүр. Басында сүмбіл терек пен қарағаш еккен. Қазір экзотикалық ағаш түрлерін егуге көшкен.

Бұл ағаштар жабайы пальма деп айтылады. Ащы болса керек, мал жақындамайды бұған. Сосын өсімтал, ауырмайды, 3 жыл болды. 

Қараман Төленов жабайы пальманы 3 жыл бұрын орталық даңғылға еккен. Биыл отырғызатын жаңа көшеттер де дайын. Табиғат жанашыры қаланың қапырық көшелерін жазиралы баққа айналдырсам дейді. Сол мақсатта демалыс көрмей тынымсыз еңбек етіп жүр.  

Кейіпкерімізді басында қолдаушылар аз болған. Кейін істің нәтижесін көргендер Қараманның еңбегін бағалай бастапты. 

Қараман Төленов, Арыс қаласының тұрғыны:

 - Алғашқы кезде тал егеміз деген кезде боды ғой, бұл тал көгермейді, екпей-ақ қояйық деген жігіттер болды. Келесі жылы ол жігіттер келді. Өйткені бір жылдың ішінде сол талдың көгергенін, өскенін көрді дағы күрек алып ол жігіттердің көмектесіп жатқанын көрдім. 

Мынадай көрініс расында көз қуантады. Бұрын бұл жерде қоқыс төгетін орын болды дегенге сену қиын. Айналадағы жұрт қолқаны қабатын сасық иістен қалай құтыларын білмейтін. Қараман Төленов достарымен бірігіп әуелі бұл маңды тазартып алады. Кейін айнала ағаш егіп, балалар алаңын салып берді.  

Болат Шынасиев, Арыс қаласының тұрғыны:

- Енді бұл жігітті мен мақтамаймын, бұл жігітпен мақтанайын. Бұл жігіттің еңбегі көп. Жақсы адам істегінін мақтамайды екен ғой. Ол халық мақтау керек екен ғой. сол халық бәрі Қараман десе тұрады, құрмет қылады, сыйлы жігіт. 

Егілген ағаштарды күтіп баптауға егде жастағылармен қатар балалар да атсалысады. Ал қала билігі Қараман Төленовке «Құрметті азамат» атағын беріпті. Қолы қалт еткенде қаланы көркейтуге кірісетін азамат мал дәрігері болып істейді екен. Өз ісінің  маманы бұл істе де абыройсыз емес. Әркез жерлестерінің алғысына бөленіп жүр.  

Талғат Серікқалиұлы, Катерина Попкова

Сондай-ақ...