Ақпарат арғымақтарына «AMANAT - 2022» медиа сыйлығы табысталды

Ақпарат аламанының арғымақтарына «AMANAT - 2022» медиа сыйлығы табысталды. Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 260-тан астам өтінім жолданған. Тілшілер бұл жолы 10 аталым бойынша сынға түсті. Оның ішінде екі номинация «Хабар» Агенттігінң журналистеріне бұйырды.

Иә, қазіргі дақпырт дерек, қым-қиғаш көбейген заманда тілшілерге артылған жүк ауыр. Ал соңғы жылдары оның салмағы тіпті еселей түсті. Аталмыш сыйлықтың мақсаты да осы күндері от кешкен тілшілерге лайықты бағасын беру. Он жылдан астам тарихы бар сыйлық биыл жаңа форматта өтті. Байқау жанрлық сипаттан тақырыптық бағытқа ауысып, қосымша Ахмет Байтұрсынов атындағы «Сөз зергері» және Шерхан Мұртаза мен Камал Смаилов атындағы «Телевизия үздігі» арнайы сыйлықтары  енгізілген.

Асхат Оралов, «Аmanat» партиясының атқарушы хатшысы:

- «АMANAT» медиа сыйлығы халықтың үздік журналистерге білдірген алғысы мен құрметі деп білеміз. Себебі журналист халық үнін жеткізетін, мемлекет мүддесіне аянбай еңбек ететін тұлға. Менің ойымша, журналист деген мамандықты таңдаудың өзі үздік болу.

Сүбелі сыйлыққа «Хабар» Агенттігінң қос тілшісі лайық деп танылды. «Рухани-мәдени дамуға арналған үздік материал» номинациясын Индира Жылқайдарова жеңіп алса, «Аймақ туралы үздік материал» номинациясы агенттіктің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Дамир Шайдаровқа берілді. Жеңімпаздарға арнайы статуэтка мен  1 миллион теңге сыйақы тарту етілді. 

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы:

- Негізінен өткірлікке, әділеттілікке, тазалыққа салмақ салынды деуге болады. Сондықтан комиссия мүшелері негізінен әділ шешім жасады. Ата даңқымен бөз өтеді дейді ғой. Сол сияқты емес, есіміне қарамай, таза материалына қарауға тырыстық. Осы салада жаңадан талаптанып жүрген журналистерге көбірек мән беруге тырыстық. Блогер болсын, мейлі электронды ақпарат құралдары болсын.

Биылғы шараның тағы бір ерекшелігі – келіп түскен өтінімдердің 70%-і өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарынан жолданған. Қатысушылар арасында жас журналистердің де белсенділігі байқалыпты. Бұл саланың серпілісіне сеп болады дейді тілшілер.

Дамир Шайдаров, «ХАБАР 24» арнасының Ақмола облысындағы меншікті тілшісі:

- Бұл аймақ журналистерінің, өңірлердегі, ауыл-аймақтағы халықтың мұң-мұқтажын, жайайқайын билік өкілдеріне жеткізуге тырысып жүрген, сол жолда талай қиыншылықтарды да көріп жүрген аймақ журналистерінің марапаты деп білеміз. Жаңа осы марапатты алғаннан кейін осы жерге келген қонақтардың да пікірін біліп жатырмыз, олардың «Хабар 24»-тің еңбегі зор және осындай марапатқа лайықты деген пікір айтылуда. Ол әрине бізді қуантады.  

Иә, көрсетілген құрмет, артылған сенім сала үздіктеріне шалқар шабыт берері анық. Олар өз деңгейінде елге қызмет етуді жалғастыра береді.

Бекзат Аманов, Артур Горшняков