476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан облысында балалар ат спорты ойындарын тегін үйренеді

  • 189
  • UPD: 19:34, 25.06.2022

Түркістан облысының Төлеби ауданында балаларға арналған ат спорты үйірмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеткіншектер үйірмеге тегін қатысады. Облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің мамандары атқұмар жеткіншектерге аударыспақтың қыр-сырын үйретеді. Бұл, әсіресе, қалалық жерде тұратын балалардың жазғы демалысын ауылда өткізіп, ұлттық ойындарға қанығып өсуіне сеп болмақ. Түймебек Жұмалиев – аударыспақтан еліміздің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Білікті бапкер балаларға ат үстінде күресудің айла-тәсілдерін үйретуде. Егер иекемі бар балалар болса, өзі жаттықтырушы болып жұмыс істейтін облыстық ұлттық спорт түрлері мектебіне шақырады. Бекзат пен Арманның атқа қызығушылығы жоғары. Қазір аударыспақтың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Ат үстінде қалай отыру керек? Қарсыласты қалай аттан аударып тастауға болады? Бәрін меңгеріп алыпты.  

Алмас Маратов, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Аударыспақта білегің мықты боу керек. Тізені тірей білу керек. Ат үстінде отыра білу керек. Ең бастысы жүрек болу керек. «Атқа сенсең, ол да саған сенеді» демекші атқа жақсы қарай білу керек.

Бекзат Айтбек, Төлеби ауданының тұрғыны:

– Аударыспақ, аттың үстінде отырған маған ұнайды. Білекті, жүректі болсаң жеңіске жетесің. Аттың үсінде бекем отыру керек, белді болу керек. Ағаларыма қарап, ағаларыма қызығып осы спортқа келдім.

Табиғаты тамаша Төлеби ауданының Қаратөбе ауылында өтетін жаттығуға ауыл балаларынан бөлек, Шымкент пен Леңгір қаласынан да жеткіншектер келіп қатысады. Бұл біріншіден, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына сеп болса, екіншіден, ұлттық ойындарды насихаттап, жас ұрпақтың бойына сіңірудің бір жолы. Мамандар ұлттық спорт ойындарына жасөспірімдердің қызығушылығы жоғары екенін айтады.

Түймебек Жұмалиев, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің жаттықтырушысы:

– Жасөспірімдердің ұлттық спорт – аударыспаққа өте қызығушылығы жоғары. Құмар бәрі, оған өзіміз қуанамыз. Оқушылар көп келеді. Әр тренердің өз оқушылары бар. Оларды дайындаймыз. Аударыспаққа білектің, белдің күші мықты болу керек. Әдіс-айла, ойдағыдай жаттығу болу керек. Далада атпен жаттығу жасатамыз. Тер төксең, мықты боласың. 

Түркістан облысында балаларды ұлттық ойын түрлеріне баулитын екі спорт мектебі бар. Оның бірі – Шымкент қаласында, екіншісі – Түлкібас ауданында орналасқан. Онда спорттың он түрі бойынша мыңға жуық жасөспірім жаттығады.  

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов

Хабар 24 телеарнасы