Қарағанды академиясынан 50-ші түлектер түлеп ұшты

Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясынан 50-ші түлектер оқуды тәмамдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы күнге дейін білім ордасын 20 мың адам түлеп ұшқан. Соның 66-ы генерал. Ал биыл 250 түлек үлкен өмірге жолдама алды. Оның басым көпшілігі, яғни 203-і келешекте тергеуші болып еңбек етсе, қалған 47-сі криминалист болып жұмысын жалғастырады. Барлығына лейтенант шені берілді. Оқуды үздік бітірген озат шәкірттер капсула жасырды, оны 2042 жылы ашады. Жас мамандарды құттықтауға ішкі істер министрі арнайы келді.

Марат Ахметжанов, ҚР ішкі істер министрі:

Ақ жол тілегім келеді. Жұмыстары оңай емес, күні бойы, түні бойы қоғам тыныштығын сақтау, қылмыспен күресу осыларға жүктеліп отыр. Сондықтан сәттілік тілеймін. Президент қойған тапсырма жаңа, әділ Қазақстан құруға өз үлесін қосады деп ойлаймын.