Павлодар облысында жаңадан салынған жолдың сапасы сын көтермейді

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Павлодар ауданына қарасты Шақат ауылында үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл мәдениет үйі мен мектеп  жөндеуден өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал үшінші жоба – жол құрылысы. Шақат ауылы облыс орталығынан бар-жоғы 40 шақырым жерде жатыр. Мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенде асфальт жол бұрын-соңды болмаған. Бағдарлама аясында 8 көшеге асфальт төселеді. Бұл мақсатқа 110 млн теңге бөлінген. Мердігерлер жұмыстың 80 процентін аяқтады. Бірақ салынған жолдың сапасы сын көтермейді. Ол туралы бірінші болып ауыл тұрғындары дабыл қақты. Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада асфальттың үгіліп  жатқанын көруге болады. Осыдан кейін жол сапасына жауапты мамандар құрылыс материалдарын зертханалық сараптамадан өткізді.

Талғат Қайратхан, Жол активтері ұлттық сапа орталығы поф директоры:

- Он төрт  сынама  алынды, 14 сынаманың ішінде 6 сынама талапқа сәйкес келмей отыр. Ол Мира көшесімен Әбдіков көшесі бойынша. Енді ары қарай мердігер ұйым ақаулықтарын толықтай жоюы қажет. Жол жабындысын толық алып, қайтадан орнына сәйкес келетін жабынды салу қажет.

Мердігер ұйымға жол құрылысына бөлінген қаржының тек 30 проценті төленген. Қалған жұмыс толық аяқталып, нысанды арнайы комиссия қабылдап алғаннан кейін беріледі. Екі жыл кепілдік мерзімі тағы бар.

Ерболат Канкин, Шақат ауылдық округінің әкімі:

- Өзім енді көңілім толып тұр. Ауылда болмаған нәрсе ғой. Ауылдықтар да өте риза болып тұр. Кезінде көктемде не машина өте алмайды. Көлік жүре алмайды, не жаяу жүре алмайтын. Қазір машиналар ағылып жатыр. Мына тас жол болмаған.