Қостанай облысында жол жөндеу жүріп жатқан жерлерде 82 заң бұзушылық анықталды

Жол сапасы Қостанай облысында да жіті бақылауда. Мұнда  полиция қызметкерлері 750 жол бөлігін тексерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шамамен он мың шақырымнан астам республикалық және облыстық маңыздағы тас жолдар. Полицейлер, әсіресе, жөндеу  жүріп жатқан жерлерге баса назар аударған. Кешенді тексеру көктемде басталған еді. Содан бері 82 заң бұзушылық анықталған.

Динара Сәтенова, облыстық ПД Жол және техника инспекциясының  инспекторы:

- Мердігер ұйымдар орташа жөндеу жұмыстары барысында жол белгілерін орнатпаған. Кей тұстарда жол төсеніштері республикалық маңыздағы автотрасса стандартына сай келмейді. Тегіс емес, кедір-бұдыр ақаулары бар. Тексеріс қорытындысы бойынша кемшіліктерді жою ұйғарымы жіберілді. Егер белгіленген мерзімде оны орындамаса, жауапты тұлғалар тағы әкімшілік жауапкершілікке тартылады.