Ақтөбеде тәуелсіздік жылдарынан сыр шертетін фотокөрме өтті

Облыстың бүгінгі шарайнасы саналатын газет-журналдар мен телеарналар туралы ауқымды ақпараттан бөлек көрме төрінен тарихи басылымдар да орын тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хайреддин Раушанов облыс тұрғындарының басым көпшілігіне таныс тұлға. Ауыл-аймақ тіршілігінен бастап, Президенттер кездесулерін де тарихқа таңбалаған фото-тілші. Мереке күні де мойнындағы құралын тастамайтын әріптесіміз тізілген фотоаппараттарды ұзақ тамашалады. Себебі 30 жылдан бері еңбек етіп жүрген ардагер көрмедегінің барлығын жақсы білемін дейді. Заманына сай ерекшеліктерімен де ыстық екендігін жасырмады.  

Хайреддин Раушанов, фототілші:

- Жаңа технология дамыған заманда сандық фотоаппараттар пайдаланып жүрміз. Бұл өте бір жақсы, қолайлы жері көп өте. Мысалы осы жерде фотоаппараттар тұр бұрынғы қолданыстан өткен фотоаппараттар. Мынаны фоторужье дейді. Өте ауыр. Бірақ енді сапа жағынан мықты. Мен өзім қолданған фотоаппараттарым бар. Зенит, фотовспышка Луч деген. Осы фотоаппараттармен ұзақ жылдар жұмыс істедік. Мұның сапасы жағынан алдына жан салмайтын еді.

Мәселен сонау ашаршылық жылдары көзі ашық жандарға ақпарат таратқан «Кедей» газетінің тігіндісі мемлекеттік архив қорында сақталыпты. Уфадағы «Ғалия» медресесінің қазақ шәкірттері шығарған «Садақ» қолжазба әдеби журналының мұқабасы да табылып отыр. Төте жазумен және латын қаріптерімен жарық көрген сирек басылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Ертай Ашықбаев, ҚР Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы:

- Біздің өміріміз қалай өзгеріп келе жатқанын аңғарсақ, мына баспасөз құралдарының тұтынатын бұйымдарының да сол өркениетке ілесіп өсіп келе жатқанын көреміз. Сондықтан бұл бір журналисттер мерекесі алдындағы жасалып отырған өте бір құптарлық нәрсе. Өйткені музейге адамдар көп келеді. Үлкені бар, кішісі бар осында келетін адамдардың барлығы да бұл газеттердің даму тарихынан, газеттердің қолданған, тұтынған бұйымдарының тарихынан көп нәрсе біледі.

Мәдени мұра өңір журналистикасының өткенімен қатар қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы да сыр шертеді. Облыстық музей ұйымдастырған көрмені бір ай көлемінде тамашалауға мүмкіндік бар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков