476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Торғайдағы тереңнен ағатын ыстық бұлақтың емдік қасиеті зор

  • 295
  • UPD: 18:04, 26.06.2022

Торғай өңірінде әлемнің алты құрлығындағы ғажап архитектуралық нысандардың кішірейтілген нұсқасы пайда болады. Аспан астындағы кешен туристер үшін жасалады. Құпияға толы, әсем табиғатқа бай Торғай даласы көпшілікті тағы несімен қызықтыра алады? Жазғы туризмнің көсегесін көгертіп отырған қандай проблема бар?

Ақкөл ауылының маңынан мың метрдей тереңдіктен шығып жатқан ыстық судың температурасы 60-70 градус шамасында. 40 жыл бойы ағып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, емдік қасиеті бар. Тері, буын, жүйке ауруларынан көмегі мол. 

Базарбек Игісінов, турист:

– Әулиекөл ауданы Көктал ауылынан келіп отырмын шипалы жер дегесін. Өзім бірнеше операциядан өттім. Көмек болмай жатыр. Сол кішкене қиналғаннан кейін осы жерге қонып. Көп түсуге болмайды екен. Уақытымен 10 минуттан.

Жолдың жайсыздығына қарамастан былтыр бұлақ басында және Қаратұзда 5 мың адам болған. Әсем жердің табиғатына кәсіпкерлер қаржы құюға құлықсыз. Халықтың талабы аумақты қоршап, абаттандыру. Бұл мәселе облыс әкімі алдында бірнеше рет көтерілген.  

Әлмұрат Қабылұлы, Жангелдин ауданының тұрғыны:

– Архимед Бегежанұлынан сұрағанбыз, шипалы сулардың басына бізге летник салып беруге, сосын беседка, былайша айтқанда дәретхананың өзі қиындық туғызады. Сондықтан соған көмектес дегенде осы кісі ыстық суға 5 млн, Қаратұздың басына деп 10 млн ақша бөлген болатын. Енді оның арты қалай болатынын білмейміз? Бірақ күтіп отырмыз.

Жұрттың жол жайын бірнеше жылдан бері айта-айта шаршады. Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына жетудің өзі қиямет-қайым. Бұл проблеманың түйіні биыл шешіле бастады. 106 шақырымның 40 шақырымына асфальт төселетін болды. 

Абылай Нұрғали, Жангелдин ауданының тұрғыны:

– Жол сапасы нашар енді. Машинаның ходовкасы қоймайды. Баяу жүресің, әйтпесе бір жүз-ақ шақырым жер ғой. Жаңбырда бір-екі рет осы жолға түсіп қалдым. Бүгін де жаңбырда болдым. Мынаның үсті саз. Машина жүре алмайды.

Бұл туристік кешен Амангелді ауданындағы ең ірі инвестициялық жоба. Құны екі жарым миллиард теңге. Мысырлық пирамида, майя тайпаларынан қалған мемориал, әйгілі қымбат қонақ үйлердің үлгісі осында орналасады. Жеті гектар аумақта 12 нысан тұрғызу жоспарланған. 

Нұрлан Қойшығұлов, Амангелді ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

– Нысандардың бәріне су тартылып тұр. Алты нысанның бесеуіне кәріз жүйесі тартылған. Үш септиктің екеуі дайын тұр. Үшіншісін жақын арада орнатады. Негізі облыстық бюджеттен көмек есебінде автотұрақ асфальтталады. Сосын кіреберіс жол бері қарай. Амангелді ауылының бір жақ шетінен тартылады және батыс жағына шыға беріске асфальт қосылады.

Кешен еліміздің әр қиырынан келетін алғашқы туристерді күзге таман қабылдайды. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ескерткіш мемориалдың құрылысы аяқталуға жақын. Қонақтар үшін қос кафенің біреуі жуырда ашылады. Нысанды екі жылдан кейін пайдалануға беру көзделген.

Мейрамбек Байзиров, құрылысшы:

– Бес адам бригадада. Жұмыстың 40 проценті бітіп қалды. Суағар жасап жатырмыз қазіргі таңда. Астын құйып болдық. Енді қабырғалары бар.

Сүндет Ғаниев, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл кәсіпкерлердің өз ынтасы. Екіншіден мемлекеттік қайтарымсыз грант бар ғой. Сол грант арқылы алдыңғы жылы да, былтырғы жылы да көмек болды. Былтыр 200 АЕК, яғни 500 мыңның сыртында ақша қаралды. Осы сома жеткіліксіз. Бірақ ауылдың жастары қызығушылық білдіріп, әрі қарай өз ақшасын қосып туристерді қабылдайтын нысандар өздері салып жатыр.

Болашақта Кейкі батыр кесенесінің аумағы жаңғыртылады. Бұл жерге саяхаттап келгендер үшін қонақүй салынбақ.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы