Арал маңының туристік тартымдылығын нашар сервис құртып тұр

Жаңақорған шипажайы, Байқоңыр ғарыш айлағы және Қамбаш көліндегі демалыс орыны Қызылорда облысының «Аймақты туристендіру» картасына енді. Қамыстыбас көлдер жүйесіндегі туристік жобалар қазір Арал ауданы экономикасының негізгі саласы саналады. Жыл сайын тынығу маусымында Қамбашта орналасқан жүзге жуық кәсіпкерлік нысаннан жергілікті бюджетке 20 миллион теңгеден астам табыс түседі.

Алайда әлемдік пандемия мен қуаңшылық салдарынан су айдыны 3 жыл бойы демалушы қабылдай алмады. Биыл кемеріне жеткен Қамбаш жағалауында кәсіпкерлер қызу тірлікке кірісіп жатыр.

Қызылорда облысындағы ең үлкен көлдің ерекше емдік қасиеті бар. Сондықтан айдынның мөлдір суы мен құмды жағалауын аңсап алыс-жақыннан келетіндер көп. Күніне 500-дей, ал сенбі-жексенбіде демалушылар қатары 2 мыңнан асып кетеді. 

БЛИЦ: демалушылар

- Қазалыдан келіп тұрмыз демалуға. Биыл су келіп жақсы болды. Қанша халық демалып жатыр.

- 2-3 жыл бұрын су тартылып, келе алмадық. Содан кейін осы келіп тұрғанымыз. Арал ауданы бойынша Қамбашқа ғана келеміз.

- Каникулда Қамбашқа келіп суға түсіп тұрмыз. Өте күшті суы.

- Каникул басталғалы әкеме Қамбашқа барайық деп айттым. Өйткені бұл жақтағы су керемет.  

Сонымен су тамаша, табиғат жанға жайлы, бірақ сервис нашар. Қамбаш демалыс аймағында 17 жеке кәсіпкер туристерге қызмет көрсету үшін 61 демалыс үйін дайындап қойған. Алайда сол баяғы тазалық жағы сын көтермейді.  

БЛИЦ: демалушылар

- Медпункт болса, былай өте тамаша. Қоқыс жәшіктері қойылса.

- Балаларға жағалауға қолшатыр сияқты орнатса дейміз. Балалар ойнайтын алаңқай істесе. Катамаран болса.

- Басқа жақтармен салыстырғанда шамалы нашарлау. Кондиционер бар ғой, бірақ үйлерде тоқ көтермейді.

Оған қоса тұрғындар «Қамбаш» көліне кіреберіс бір жарым шақырым жолға асфальт төселіп, арнайы автотұрақ салынса дейді. Жалпы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізі бойында орналасқандықтан әлемнің төрт бұрышынан Байқоңыр ғарыш айлағына ағылған саяхатшылардың көбісі салқын сабатты көлге соқпай кетпейді. Отандық 7 туроператор алып космодромнан бөлек Қорқыт ата кесенесі мен Қамбаш көліне де бағыт ашып отыр. Бірақ туристік тартымдылықты тұралаған сервис құртып тұр. 

Елдос Жиенәлиев, құтқару бөлімшесінің басшысы:

- Жалпы бұл жағажайдың құжаты жоқ. Құжаты болмағаннан кейін ешкімнен талап ете алмайсың. Заңдастырғаннан кейін нақты иесі болады, сосын содан талап етуге болады тазалықты бәрін. Облыс бойынша 2-ақ жағажай бар заңдастырылған. Ол Қызылордада. Енді мына көлдің Аққұмшық жағалауы үлкен жағажай ғой, бұны заңдастыру керек.

Бұл жерде агротуризм, этнографиялық, тарихи туризм қолға алынбақ. Жақын болашақта бұл мекенге газ тартылса, қыстық туризмді дамыту жобалары да бар. Бірақ әзірге бәрі қағаз күйінде. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов