Мың шақырымға жуық суару жүйесі күрделі жөндеуден өтеді – Жетісу облысы

Жетісу облысының Ақсу ауданында мың шақырымға жуық канал күрделі жөндеуден өтпек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде 11 500 гектар егістік алқапқа су жылдам әрі қажетті мөлшерде жетеді. Ең бастысы ағын судың шығыны азаяды. Шетелдік инвестор есебінен жүзеге асып жатқан жобаның игілігін шаруалар көре бастады. Бұрындары Бауыржан Жақыпбековтың егістік алқабына су тоған арқылы үш күнде жететін. Бетон канал салынғаннан кейін тіршілік нәрі үш сағатта келетін болды. Мемлекет тарапынан жағдай жасалған соң шаруа бассейн салып, жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп жатыр.

Бауыржан Жақыпбеков, шаруашылық жетекшісі:

Жер түзу болмағаннан кейін 100 процент суарылмайды. Ал мына фрегатпен жүз пайыз су беріледі. Шығым да екі есеге көтеріледі. Бір фрегатпен бір айналымда 45 га суарам. Ал қолмен суаратын болсам 45 га бір аптада суарам.

Шаруашылыққа тиесілі 500 гектар жер «Қонақбай» каналы арқылы суарылады. Оның ұзындығы 10 шақырымнан асады. Былтырдан бері мердігер мекеме соның тоқсан процентін жаңалады. Сонымен қатар 240 км асатын арық-атыздарды тазалап, табанын тереңдетті. 

Мұратбай Нұров, жоба жетекшісі:

Сборный железобетонный г блок 37 км бар. Оның бітіп тұрғаны 22 км. Процентпен айтқанда 61% бітіп тұр. Одан бөлек ЛР пароболический латок бар. Оның жалпы ұзындығы 71 км. Оның бітіп тұрғаны 61 км. Жалпы нысан бойыша 55 процентке жұмыстар жеткізілді. Биыл аяқтаймыз.

Ақсу өзенінен секундына 19 текше метр су ағады. Соның тең жартысына жуығы тораптан егістік алқабына қарай жіберіліп жатыр. Бұрындары каналдың ескіруінен судың 35 проценті шаруаларға жетпейтін еді. Күрделі жөндеу жұмыстарынан соң жағдай жақсарып, шыған азаяды.

Әділмұрат Нұргелдин, «Қазсушар» РМК Алматы филиалы ақсу өндірістік учаскесінің басшысы:

– Тоғандар тазаланбағаннан кейін механикалық жолмен асып кету, жырықтан қашып кету үрдістері орын алады. Енді қазір тоған жасалғаннан кейін пайдалы әсер коэфиценті 85-90 процентке жетеді. Су жоғалу азаяды. Егістік алқаптарына толыққанды су жіберу мүмкіндігі туады.

 

Ақсу ауданында 11 500 гектар суармалы алқап бар. Оның ауқымын ұлғайту мақсатында «Бүйен» су қоймасының құжаттарын дайындап, қайта іске қосу көзделіп отыр. Жоба жүзеге асса бос жатқан алты мың гектар жер егістік айналымға енеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев