Атырауда қымбат аялдамалар пайдаға аспай тұр

Атырауда жабық аялдамаларға шағым көбейді. Кезінде қыруар ақша бөлініп, сатып алынған нысандар тұрғындарға сая болмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыста жылыту жүйесі, жазда салқындатқышы жұмыс істемейді. Тазалығы да көңіл көншітпейді, – дейді тұрғындар. Осыдан 3 жыл бұрын қолданысқа берілген мына аялдамаларды көріп, мұнайлы шаһар тұрғындары бөркін аспанға атып еді. Бірақ қуаныштары су сепкендей басылды. Жергілікті бюджет есебінен әрқайсысы 12 млн теңгеге алынған аялдамалар қазір қаңырап бос тұр. Аязды күні тұрғындарға пана бола алмаған нысандар енді аптап ыстықта да кәдеге жарамайды.

Адамдардың барлығының жеке көлігі жоқ. Автобус күтеді. Балалар бар кішкентай. Әрине, жазда салқын, қыста жылы жер керек. Меніңше, біздің жергілікті бюджеттің шамасы жетед деп ойлаймын осы аялдамалардың бәрін қосып, іс тұруға.

Қыста жылы болғанын жақсы көреміз. Жазда енді күннің шуағына, ыссылыққа байланыста ішінде кондиционер жасап тұрғаны жақсы. Неше түрлі науқас адамдар болады.

Негізі салқын болуы керек. Дала өте ыстық. Жақсы болар еді.

Дұрыс емес енді. Кондиоционер болуы керек жаздыгүні. Қыста жылы болуы керек.

Қазір қалада 22 жабық аялдама бар. Жазда оның ішінде отырып көлік күту мүлде мүмкін емес. Тазалығы да сын көтермейді. Жауаптылар аялдамалардағы салқындатқыш қазір тексеруден өтіп жатыр деп ақталып отыр.

Нұрсұлтан Сәуенов, қалалық ТҮКШ секторының бас маманы:

– Қазіргі таңда 22 аялдаманың барлығына техникалық байқау жүргізіліп жатыр. Сенімгерлік басқару өздері жүргізіп жатыр. Аяқталған уақытта салқындатқыш жүйесі қосылады. Нақты мынадай күн деп айту қиын.

3 жылдан бері осы мәселенің түйіні шешілер емес. Салқындатқыштар тексерістен өтіп болады дегенше, жаз да аяқталатын болар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин,