Қазақстандағы кәсіпорындардың көбі индустрияландыру кезеңдерінен өтпеген – Қуантыров

Қазақстандағы кәсіпорындардың 80 проценті әлі күнге дейін жартылай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Кәсіпорындардың көбі индустрия 3.0, ал кейбірі 2.0 сынды кезеңдерден өтпеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Astana Finance Days – 2022» жиынында осылай деді.

Оның айтуынша, «цифрландыру дәуірінде төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу – басты қажеттілік. Бұл тек кәсіпорын кеңселерінде ғана емес, елді мекендерден шалғай орналасқан өндіріс орындарын жоғары технологиялармен қамтамасыз етуді талап етеді». 

Еске салайық, үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші өнеркәсіптік революцияның жұмыскерлердің білімдері мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарды күшейтетінін айтқан. Сондықтан 2025 жылға дейін негізгі салалар бойынша индустрия 4.0 дамыту үшін қажетті 10 мың маманды оқытуды тапсырған еді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Бүгінде ірі және орта кәсіпорындардың 5% Индустрия 4.0 айдаланады, ал кәсіпорындардың 80% әлі күнге дейін жартылай автоматтандырылған жүйені қолданады. Өнеркәсіпті цифрландыру Қазақстан Үкіметінің басым бағыттарының бірі болып отыр.