Абай облысында жылу жүйелерінің 60%-і ескі

Жаңадан құрылған Абай облысына үшінші жылу электр орталығы қажет. Бұл жобаны жүзеге асыруға шамамен 500 млрд теңге қаражат керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Семей қаласының әкімі Парламент Мәжілісінің үш бірдей комитетінің төрағалары мен министрлік өкілдеріне осылай деп мәлімдеді. Сонымен қатар шаһардағы жылу жүйелері әбден ескірген. 60 пайызға жуығының тозығы жеткен. Жалпы ұзындығы 188 шақырымды құрайды. Министрлік өкілдері түйткілді мәселелерді шешуге көмектесетінін жеткізді.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Жұмыс тобын құруға дайынбыз. Жұмыс тобын құрып, қаланы жылумен қаамтамасыз ету мәселелерін жүйелі түрде қараймыз. Бұл жерде қазандықтар жұмысы, жылу жүйесі инфрақұрылым министрлігіне жатады. Қойылған сұрақтар толық зерттеліп, ұсыныстар енгіземіз.