Әскерде адам жетіспеушілігі жоқ – сала мамандары

Әскерде адам жетіспеушілігі жоқ. Сала мамандары осылай дейді. Дей тұра, күндіз-түні қала кезіп, тығылғанды тасадан, қашқанды көшеден ұстап әкетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны әлеуметтік желі беттерінен жиі кездестіруге болады. Бұрындары түнгі клубтар мен ойын алаңдарынан, демалыс орындарынан еріксіз әкетуді еститін едік, енді түлектерді оқу орнынан торып жүр. Дәл осындай жағдайға Ақсай техникалық колледжінің студенттері де тап болған. Алайда түлектер терезеден бой тасалап үлгеріпті.

23 жастағы Орынбек түр-әлпетін көрсетпеуді сұрады. Ол қылмыс жасамаған, бірақ бәрібір полицейлерден жасырынып жүруге мәжбүр. Себебі, әскерге бармапты. Әй-шайғе қарамай, еріксіз алып кеткен кездер де болды дейді ол. Бірақ, амалын тауып, босап шыққан.

Орынбек, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Былтыр жұмыс орныма әскери қызметкерлер келіп, «әскерден қашып жүрсің» деп, күштеп алып кетті.  Ол кезде маған тіпті шақыру қағазы келмеген де еді. Қашу деген ойымда да болмады. Оның үстіне денсаулығымның кінәраты да болды. Алайда медициналық тексерісте оған қараған ешкім жоқ, барлығы бір ауыздан денің сау деп әскерге шығарып салды. Ата-анам дер кезінде құзырлы органдарға шағымданды. Солай мені жарты жолдан кері қайтарды.

Қашатын емес, баратын әскерге қашан айналамыз? Жалпы бұл салада түпкілікті реформа қашан жүргізіледі? Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күні 33 мың адам әскерден қашып жүр. Жыл сайын әскерге шақырылған жастардың 15 пайызы ғана барады. Оның себебін анықтауға тырысып жатқан ешкім жоқ, керісінше күштеп әкету әдісі ашық жүріп жатыр. Сала мамандары мұны жоққа шығармайды.

Руслан Тапашев, ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бағыт аға офицері:

- Жастардың санасы өзгерген бе соңғы кездері? Бұрын жастар өздері саналы түрде келіп, мұндай жағдайлар болмаған фактілер. Соңғы 1-2 жыл шығар осылай жастар көп, басқа сезім-ойы бар ма, басқа екпін-леппен жүрген жастар ма? Айтып отырмын ғой, бұл жастардың тәлім-тәрбиесі, санасының өзгерісі.

Иә, жастардың санасы өзгерді. Себебі, 2010 жылмен 2020 жылдың аралығында 220 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Түрлі себептермен қаза тапқан сарбаздар тағы бар. Ақпарат ағымында әскердегі жағымсыз жайттарды жиі кездестіреміз. Дәл осындай деректер әскерге деген ниетті азайтады.

Рустам Бурнашев, әскери сарапшы:

- Біз қашан әскери қызметті шын мәнінде мәжбүрлеу емес, құрметті борышқа айналдырамыз? Әскерге келген адам, қандай да бір қосымша қысымға ұшырамауы тиіс. Соған кепілдік беру керек.  Дәл осы жерде қорғаныс министрлігі ашық болуы қажет.  Бұл шешім тек Қорғаныс министрлігіне ғана емес, басқа да күш құрылымдарына әсер ететін күрделі зерттеулер мен күрделі шешімдерге негізделуі тиіс.

Бекзат Аманов, тілші:

- Әйтсе де, әскерге бару әрбір жігіттің Отан алдындағы борышы екенін ұмытпаған жөн. Бірақ бізге осы борыш пен бостандықтың аражігін ажыратып алу қажет сияқты. Бір қарағанда жастардың қару ұстап, шекара шебін күзеткенін көңіл қалап тұрады. Тек еркін елдің ұлдарын еріксіз күштеу қаншалықты дұрыс деген сұрақ ойды мазалайды.

Авторы: Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы