Түркия Швеция мен Финляндияға қатысты өз ұстанымын өзгертпейді

Түркия Мадридте өтетін НАТО самитінде Швеция мен Финляндияға қатысты өз ұстанымын өзгертпейді.

Бұл туралы Реджеп Тайип Ердоған мәлімдеді. Бұған дейін Түркия Финляндия мен Швецияның альянс құрамына кіруіне вето қойған болатын.

Анкараның айтуынша, бұған скандинавиялық мемлекеттердің Түркияға қауіп төндіретін күрд содырлары мен басқа да топтарды қолдайтыны себеп. Ал таяуда Ердоған Стокгольм мен Хельсинки террористік ұйымдарға қарсы нақты шешім қабылдап, Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін экспорттауға эмбарго мен басқа да шектеулерді алып тастауы керек теген талап қойған болатын. 

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Ертең Испанияда өтетін НАТО саммитінде еліміздің мүддесі мен құқығын қорғау үшін қолдан келгенді жасаймыз. Шындыққа көз жеткізу үшін террорлық ұйымдарға қатысты нақты ақпаратпен бөлісеміз. Жағдай оңалмайынша Түркия өз пікірін өзгертпейді.  

Швеция Түркиямен ортақ мәмілеге келмек 

Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон өз елінің террорлық ұйым өкілдеріне пана болмайтынын айтып, Түркиямен арадағы қарым-қатынасты қалыпқа келтірмек ниетте.

Магдалена Андерссон, Швеция премьер-министрі:

- Түркия Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүше болу өтінішіне қатысты бірнеше мәселелерді қозғап отыр. Алайда біз ортақ мәмілеге келеміз деп үміттенемін. Брюссельде басталған келіссөздер Саммитте жалғасын тауып сәтті аяқталады деген ойдамын. Швеция терроризмді қатаң айыптайды. Оның кез келген көрінісімен күрес жүргізуге ниеттіміз.