Атырауда 4 млн теңгені жымқырған басшыға қатысты сот үкімі шықты

Атырауда мемлекеттік сатып алуларда 4 млн теңгені қолды еткен кәсіпорын басшысына қатысты сот үкімі шықты.

Енді ол екі жыл шартты мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Тергеуді аяқтаған қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, үш жыл бұрын жергілікті серіктестік директоры Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының аумағын жарықтандыру үшін 150 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу бойынша тендерді жеңеді. Алайда рәсімделген құжаттарда көрсетілген жарық шамдарды орнатудың орнына сапасы нашар, арзан өнімді қолданған екен. Мемлекеттік бюджетке 4 млн теңгеден астам залал келтірген. 

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Сот үкімімен аталған серіктестік басшысы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептеледі.