«Елбасы медалі»: 577 жас үздік атанды

Елордада «Елбасы медалі» жобасының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спорт, кітап оқу, еріктілік және ұлттық мұра сияқты 7 бағыт бойынша өздерін дамытқан 577 жас қошемет төрінен көрінді. Оның 24-і алтын, 100-і күміс, қалғаны қола жүлдеге ие болды. Қатысушыларға тәлімгерлер күнделікті тапсырма беріп, оның орындалуын бақылап отырды. Бағдарламаның басты мақсаты – дарынды балалар мен жастарды, сондай-ақ елдегі кәсіби мамандарды қолдау, оларды дамыту.

Айта кетейік, «Елбасы медаліне» соңғы үш жылда 29 мың жас қатысқан.

Әлкей Марғұланұлы, Н.Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:

– «Елбасы медаліне» қатысушылардың ең бірінші артықшылығы неде? Бұл балалар оқуға түсер алдында үлкен бәсекелік басымдыққа ие болады. Одан өзге ең маңызды мәселе бұл, біз халықаралық нәтижені зерттедік, мысалы 14-29 жас аралығындағы жастардың бойында қоғамды өзгертуге деген, сонымен қатар білімін дамытуға деген мақсат мықты болады. Біз соны дұрыс пайдалануға тырыстық.