Салық саласында тұрақтылық жоқ

«Аmanat» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысушылар осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар келтірген дерекке сүйенсек, 2017 жылдан бері қолданыстағы заң кодексіне 707 түзету енгізілген. Яғни жиі болатын күтпеген өзгерістер көп. Бұл өз кезегінде салық төлеушілердің шамына тиіп отырғаны белгілі. Оның үстіне қосымша құн салығын көбейту мәселесі де жиі көтеріледі. Екі ортада кәсіпкерлер жалтақтап қалады. Осы секілді саладағы өзекті мәселелерді жиында Мәжіліс депутаттарымен қатар, сала белсенділері саралады. Ашық алаңда өткір мәселелер ортаға салынды. Одан бөлек, саладағы олқылықтар және цифрландыру мәселері көтерілді. Бірқатар ұсыныстар берілді. Алдағы уақытта бұл ұсыныстарды депуттар өңірлерді аралау кезінде тағы көтеретін болады. Содан соң қортынды ұсыныстар күзде Үкіметке тапсырылады. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Мемлекет басшысы салық заңнамасын тұрақтандыру жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл ең алдымен бизнес үшін керек. Олар салық ережелерінің үнемі өзгеріп тұратындығынан зардап шекпеуі қажет. Сондықтан көкейтесті мәселені қыркүйекте Мәжіліс жанында құрылған қоғамдық палатаның алғашқы отырыстарының бірінде қарауды ұсынамын.