476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтауда бірнеше жылдан бері көппәтерлі үйлердің жоғары қабатына су жетпейді

  • 217
  • UPD: 19:51, 28.06.2022
Ақтауда бірнеше жылдан бері көппәтерлі үйлердің жоғары қабатына су жетпейді

Өйткені су қысымы төмен. Қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тіршілік нәрін сатып алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коммуналдық қызмет өкілдері мәселені шешу үшін 28 млн теңгеге 52 насос алып, баспаналарға орнатып жатыр. Алайда ол бәріне жетпейді екен.

Пәтеріне алғаш рет ауыз су келген Орынбасар Жұмабаевтың қуанышында шек жоқ. Айтуынша, бірнеше жылдан бері тіршілік нәрінің тапшылығынан әбден қиналған. 9 қабатқа бұрын су көтерілмепті. Ал енді коммуналдық мекеме осы үйдің жертөлесіне автоматтандырылған қондырғы орнатқан.

Орынбасар Жұмабаев, қала тұрғыны:

Су қазір ауыз келіп тұр, бәрі жақсы, бәрі келіп тұр. Насос жоқта ауыз су жоқ еді алдында, кеше мен алдыңғы күні насосы қойыпты.

Ислам Үсенов, коммуналдық мекеме басшысының орынбасары:

Үнемі шағым 27, 28, 13-шағынауданнан түсетін. Мұнда қаладағы 80-ші жылдары салынған үйлер орналасқан. Меншік иелері бірлестігі құрылмаған. Олар қаражат жинап, насосты сатып ала алмайды. Ол жерле су тек 5 қабаттан әрі аспайды. Ал жоғары қабаттарда қариялар, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар тұрып жатыр. Сондықтан сараптай келе, осы шағынаудандарға 50 насос алуды шештік.

Алайда коммуналдық мекеменің шешіміне басқа шағынаудан тұрғындары наразы. Су тапшылығының зардабын көрген жұрт қондырғыны бөліп жармай барлық үйге орнатуды сұрайды. Себебі айдың күннің аманында суды сатып алып ішеді. Ал насосқа ақша жинауға шамалары келмейтінін айтады.

Альбина Құлтаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

–12-ден кейін ақса да, битіп жаймен ағады, соны зорға қарап отырамыз, сыртқа ағып кетпесін деп, экономдап. Жинап алып, күндіз осыны пайдаланамыз,  жетпеген жағдайда сатып аламыз 5 литррді. Насосты кейбір үйлерге қондырып жатыр екен, әкімдіктің тарапынан бізге қондырып берсе деген халықтың атынан ойымыз бар, тегін және үкіметтің тарапынан жақсы болар еді.

Ольга Самарова, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Қазір 90 жылдарда өмір сүріп жатқандаймыз. 8-қабатта тұрамын, су көтерілмейді, қазір үйімізде аз қамтылған отбасылар көп. 1 миллион теңгені жинайтын шамамыз жоқ.

Жұмабай Бекен, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Егер насосты бөліп қойған болса, бұл әділетсіздік, Қай үйлерде проблема соларды жинау керек еді. Негізінен негізгі тұрғындар зейнеткерлер, тек зейнетақыға қарап отқандар. 

Судың жоғары қабаттарға көтерілмеуін коммуналдық қызмет мамандары қысымның төмендігімен байланыстырады. Сондықтан қондырғы орнатудан басқа амал жоқ, дейді. Мұнымен меншік иелері бірлестігі айналысу қажет. Ал жаңа шағынаудан тұрғындары құрылыс мекемесіне жүгіну керек.

Бердібек Қартбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Облыс көлемінде 9 су тұщыту зауыт салу жоспарланып отыр. Ақтау қаласының ауыз су мәселесін шешуге 2 жоба іске асып жатыр. Біріншісі, «Маэк-қазатомөнеркәсіп» өнеркәсібінде салынатын қуаты 24 текше метр құрайтын су тұшыту қондырғылары, екіншісі «Каспий су зауытының» 20 мыңнан 40 мыңға ұлғайтамыз ба деп отырмыз. 2 жоба іске асқан жағдайда Ақтау қаласына мәселе толықтй шешіледі деп ойлаймын.

Су мәселесі бойынша төменгі шағынаудан тұрғындары қалалық коммуналдық мекемеге хабарласу керек. Ал қосымша қаражат бөлінсе ғана басқа шағынаудандарға құрылғы сатып алынуы мүмкін, дейді мамандар. Оған дейін күтуге тура келеді, әйтпесе, тұрғындардың өздері сатып алудан басқа амалы жоқ.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев

 

Хабар 24 телеарнасы