476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ШҚО-да ауыл жолдарының жағдайы мәз емес

  • 152
  • UPD: 20:41, 28.06.2022

Шығыстағы ауыл жұртын жолдың жайы алаңдатады. Елді мекендерде әлі күнге асфальт төселмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күршім ауданындағы Бурабай, Қыстау Күршім, Қойтас, Маралды, Үшбұлақ ауылдарын жалғайтын шұрық-тесік күре жолда көлік апаты көбейген. Жергілікті әкімдік жауаптыларды облыстан іздейді, ал облыстағы шенеуніктер не дейді? 

Нұрлан Сәрсенбин, ауыл тұрғыны:

– Он-он бес күн бұрын жақын інішек осы жолдың кесірінен осы жолдан ұшып кетті. Үлкен-үлкен камаздар мен белаздар жолды быт-шыт қып бұзып кетеді.

Абырой болғанда, жолаушылар дін аман. Ал көліктің сау-тамтығы қалмаған. Қойтас ауылының байырғы тұрғыны Нұрлан Сәрсенбин жол тез арада асфальтталмаса, қайғылы жағдайдың бұдан да көбеюі мүмкін екенін айтады.

Нұрлан Сәрсенбин, Қойтас ауылының тұрғыны:

– Мына Маралды ауылы округінің әкімі былтыр осы жолдан аунап, апатқа түсіп, қайтыс болды. Соның бәрін қарастыруға болады ғой. Адам емеспіз бе, ел емеспіз бе? Бір-бірімізге селбесуіміз керек қой. Оның алдында қаншама жігіттер Қыстаумен екі ортада траста ұшып кетті.

Жергілікті тұрғындардың сөзінен түйгеніміз, Күршім – Маралды бағытындағы жол кеңес заманынан бері жаңаланбаған. Әсіресе қыстың көзі қырауда қиын.

Қызырғали Наурызов, Үшбұлақ ауылының тұрғыны:

– Ойбай, ақша бөлінді дегелі 4 жыл болды. Ақшаның шетін де көргеніміз жоқ. Биыл шала-пұла бірдеңе бастап қойды. Бізде инфрақұрылымды жөндеу керек. Ауыл арасындағы жолдарды. Қыстау Күршіммен екі ортадағы жолды елестетіңізші. Қандай қиыншылық? Осыны қысты күні көрші.

Мұрат Жолғазы, Күршім ауылының тұрғыны:

– Отыз жылдан бері Маралдының жолы жасалған жоқ. Жеңіл көліктер жете алмайды. Асты биік көліктермен жүрмесе, ыңғайсыз. Салыну керек бұл жерге халық үшін. Болашақта да ұрпақтар келеді. Мұғалім, дәрігерлер келеді.

«Күршім – Маралды» жолы облыстық маңызға ие. Содан да болар, жергілікті шенеуніктер «бұл жол бізге қарамайды, облысқа хабарласыңыздар» деп ат-тонын ала қашты. Ал облыстық басқармадағылар мәселенің мән-жайын былайша түсіндірді.

Нұржан Ескендіров, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл жолды жөндеу әзірге жоспарға енгізілмеген.Жолды асфалттау үшін өзінің талаптары бар. Негізгі талаптар жолдың ағыны көп болуы керек және де халық саны көп болуы керек.

Күршім ауданында 800 шақырым жол болса, соның тек 216 шақырымына асфальт төселмеген. Ал шекаралық аймақта халық саны жылдан-жылға азайып бара жатқанын ескерсек, ауыл жолдары жақын арада жаңартылмайтын секілді.  

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы