Шымкентте кәсіпорындар цифрлық таңбалауға көшіп жатыр

Елімізде сусынды цифрлық таңбалау пилоттық жобасы жақында аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жыл ішінде жобаға 12 ірі компания қатысып, тәжірибе жасап көрген. Бұған дейін міндетті таңбалауға темекі өнімдері мен аяқ киім қосылған еді. Жоба заңсыз сауданы тоқтатып, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге жағдай жасады. Енді алдағы уақытта дәрілік заттарды таңбалаудың бірінші кезеңі басталады. Сусын өндірісінде бір жылға жуық уақытта тәжірибе алаңына айналып, цифрлық таңбалаудың пилоттық жобасы іске асырылды. Енді тұтынушылар бөтелкедегі штрих-кодтан тиісті барлық ақпаратпен танысып, Еуразиялық экономикалық одақ талаптарының орындалуын бақылай алады. Таңбалау кодын жалған басып шығару мүмкін емес.

Пилоттық жоба нарықтағы жаңа нормаларға бейімделу мақсатында жүргізілуде. Яғни міндетті таңбалауға дайындық. Енді таңбаланған су өнімі мен тәтті сусын көлеңкелі бизнесті ысыруға жағдай жасайды. Сәйкесінше, танымал бренд өз биігінде еркін сауда айналымына шығады. 

Ибрагим Абдуллин, «Юникс» ЖШС таңбалау жобасының жетекшісі:

– Біз 2021 жылдың тамыз айынан бастап пилоттық жобаға қатыстық. Сол уақытта Ресей еліне экспортқа өз өнімімізді жаңа зат таңбасымен жөнелтуге дайындық жасадық. Қазақтелекомның тәжірибесі бізге көмегін тигізді. Көп рахмет айтамыз. Олар зауытқа қазақстандық интеграторларды әкеліп, сынақ жүргізуді аз уақытта бастап кеттік. Бұл бізге үлкен тәжірибе болды.

Мамандар жаңа өзгерістің нәтижесі қазірдің өзінде байқалып жатқанын айтады. Яғни цифрлық таңбалау сапаға серпін беріп, нарықта етек жайған көлеңкелі кәсіптің шамамен 20% тықсыртып қойды. Осылайша бизнестің жосықсыз бәсекелестері азайды.

Ерлан Нұрмағанбетов, су және құрамында қант бар сусындарды таңбалау бойынша жоба жетекшісі:

– Кез келген өндірушіге цифрлық таңбалауды енгізу үшін пилоттық жоба қажет. Бұл шараның нәтижесінде тұтынушының барлық талаптары мен тілектері сүзгіден өтіп, қорытынды есеп шығарылады. Кейін жетекшілік ететін мемлекеттік органның талқылауына ұсынылады.

Минскіде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің Үкімет басшылары цифрлық таңбалаудың мүмкіндіктерін талқылады. Саралай келе заңсыз сауданы тоқтатудың төте жолы оған қарсы тұру екенін айтқан еді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов