Астықты аймақ қарқынды дамуда – Ақмола облысы

Ақмола облысы биыл бес айдың көрсеткіші бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен республикада бірінші орында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Негізгі капиталға тартылған инвестиция 27 процентке көбейіп, өнеркәсіптегі өнім көлемі 9 процентке артқан. Бұны Бурабайдың баурайында журналистерге арнап көшпелі брифинг өткізген облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәлімдеді. Ақмола облысы аграрлы аймақ болған соң азық-түлікпен тек өзін ғана емес, елордамен қатар көрші өңірлерді де қамтамасыз етіп отыр. Оның бір ғана дәлелі биыл жыл басынан бері тауық жұмыртқасы облыстың өз қажеттілігінен 3 жарым есе, құс еті 8 есе, сүт 2 жарым, ал ұн 35 есе көп өндіріліпті. Осылайша 66 млрд теңгенің өнімі сатылған.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

– Ақмола облысы – негізгі ауыл шаруашылық өңірлердің бірі. Елдегі ауыл шаруашылығының жалпы өніміндегі оның үлесі 10. Биыл дәнді-дақылдар егістік алқабын 5,1 млн гектарға дейін жеткіздік. Бұл – республикадағы ең үлкен астық сынасы. Жыл сайын 28 жақын және алыс шет елдерге 2 млн тоннадан астам астық экспорттаймыз.

Астықты өңір қазір индустриялды-аграрлы аймаққа айналған. Олай дейтініміз, мұнда арнайы техникалар мен көлік құрастыратын ірі зауыттар бар. Тракторлардың 46, комбайндардың 65 проценті, ал түрлі қондырғылар мен техникаларға қажетті подшипниктер тек Ақмола облысында шығарылады. Ал құрылыс заттары зауытының көптігі баспана салу қарқынын үдетуге сеп болып отыр.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

Өткен жылы 600 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, ақмолалықтардың шамамен 5 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуына мүмкіндік берді. Биылғы жылы барлық қаржыландыру көздерінің есебінен шамамен 700 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Яғни 5 мыңнан астам отбасы пәтер алады.

Білім нысандарының құрылысы да басты назарда.

Айталық, 2025 жылға дейін аймақта 43 мектеп пен 25 балабақша салынады деген жоспар бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко