Қазақстан Ресеймен арадағы байланысты үзбейді – сарапшы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Петербургте өткен экономикалық форумда сөйлеген сөзі екі мемлекет арасында салқындық пайда болды дегенді білдірмесе керек. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мамандары бұған бек сенімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қазір қауіп Орталық Азия мемлекеттерінен келуі мүмкін екенін жасырмады. Осыдан 20 жыл бұрын Ауғанстанда бір ғана содырлар тобы болса, қазір олардың саны 6-дан асқан. Сол себепті осы аймақтағы елдер үшін геосаяси және геоэкономикалық сын-қатерлер өзекті болып отыр. Олар халықаралық терроризм, көші-қон және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін кейінге қалдыруға болмайды дейді. Қазақстан әлі де көпвекторлы саясатты ұстана бермек. Ресейге байланып қалғанымыз рас, бірақ қазір балама жол қарастырып жатырмыз дегенді айтты.

Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:

- Алыстай бастадық деп айту қиын шығар. Бірақ дегенмен біз өз позициямызды анық айтатындай, айқындайтындай дәрежедеміз. Біз егер Ресейдің жүргізіп жатқан саясатымен келіспейтін болсақ, оны мемлекеттік мүдде тұрғысынан айқын айта аламыз.