Депутат субсидиялауға қатысты АШМ жұмысын сынға алды

«Шенеуніктердің кесірінен шаруалар неге зардап шегу керек?»

Мәжіліс отырысында депутат Альберт Рау осылай деді. Осылайша ол  Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялауға қатысты жұмысын сынаға алды.

Депутаттың айтуынша, шаруаларға арналған субсидиялау тоқтауы мүмкін деген ақпарат біраз дүрбелең тудырды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қаржыландыруға қатысты сұрақ көп.

"Мысалы, "Qoldau" жүйесімен субсидия бөлу тәртібі өзгерді. Қаржыландыруды күтетіндердің кезегі жасалды. Бірақ кейде өтініш берушінің құжаттары қайтарылады. Ал оны жөндеп әкелгенде кезегі жылжып кетеді. Осы орайда импортты алмастыратын өнімдерді мемлекеттік қолдауды қалдыру керек. Өйткені субсидиялар алынса, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тағы қымбаттайды. Ал аграрлық несие енгізілсе, ақша шаруаларға емес, банктерге кетеді" дейді Альберт Рау. Бұған жауап ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялауға қатысты жаңа ақпараттық жүйе жақында іске қосылатынын айтты.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Тапсырма негізі бірыңғай ақпараттық субсидиялау жүйесін әзірлеу болатын.  Ол жүйе әзірленді. Бірінші шілдеден бастап іске асады. Қазіргі жүйелерге қарағанда ерекшелігі бар. Ол біріншіден, фермерлерге ақша талап етпейді. Екіншіден, ол құжат анықтама дейміз. Қағаз түріндегі анықтамаларды қажет ететін көлемін төмендетеді.